Бүгін аталған институт өкілдері сауалнама нәтижелерін жария етті.
Парламентаризм институтының сарапшысы Салтанат Ермаханованың атап өтуінше, зерттеуге республиканың 14 облысы мен Астана, Алматы қалаларында тұратын жасы 18-ден асқан 1120 адам қатысқан.
«Сауалнаманың алғашқы сұрағы «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзімен таныссыз ба?» деген сауал болды. Бұл сауалға респонденттердің 76 пайызы «ия, таныспын» деп жауап берді. Нақты айтқанда олардың 61 пайызы Елбасы сөзін теледидар арқылы тыңдаған. Ал жаңалықтардан естігендердің үлесі 23 пайызды құрайды», - деді ол.
Оның айтуынша, сауалнамаға қатысқандардың 7,2 пайызы Президенттің сөздерін интернеттен оқыса, радиодан тыңдағандары - 4, газеттен оқығандары 3,8 пайызды құрайды.
Сонымен қатар респонденттер Елбасының сөзін тыңдағаннан кейін алған әсерімен де бөліскен. Мәселен, сауалнамаға қатысқандардың үштен бірі қолдайтындықтарын, төрттен бірі мақтанғандықтарын, ал 12 пайызы қуаныш сезімде болғандықтарын айтқан.