Елбасының Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аяқталды

ТЯНЬЦЗИНЬ (ҚХР). 23 ақпан. ҚазАқпарат - /Руслан Сүлейменов/ - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған үш күндік мемлекеттік сапары аяқталды.

Бүгін Бейжің уақытымен күннің екінші жартысында Мемлекет басшысы Тяньцзинь қаласынан Астанаға ұшып шықты .Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, Қытайдың жоғары басшылығымен өткен келіссөздер және сапар қорытындысы бұл сапардың өте жемісті болғанын көрсетеді.

«ҚХР Қазақстанды сенімді көрші, стратегиялық әріптес ретінде көреді. Бұл біз үшін өте маңызды», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, Қазақстан Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары барысында бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР төрағасы Ху Цзиньтао арасыында жүргізілген келіссөздердің қорытындысы бойынша төмендегі құжаттарға қол қойылды.

1. ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендердің суларының сапасын қорғау туралы келісімге ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов пен ҚХР Қоршаған ортаны қорғау министрі Чжоу Шенгсян қол қойды.

2. ҚР мен ҚХР арасындағы сотталған азаматтарды беру туралы келісімге ҚР Бас прокуроры Қайрат Мәми мен ҚХР Әділет министрі У Айин ханым қол қойды.

3. «ҚТЖ» ҰК» АҚ мен ҚХР Теміржол министрлігі арасындағы Астана-Алматы жылдамдығы жоғары теміржол магистралінің құрылысын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға Асқар Мамин мен министрліктің партиялық ұйымының хатшысы Шэн Гуанцзу қол қойды.

4. Қытайдың Мемлекеттік даму банкі (ҚМДБ) мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арасындағы 1660 млн. АҚШ доллары болатын несиелік келісімге Қайрат Келімбетов пен ҚМДБ президенті Цзян Чаолян қол қойды.

5. Қазақстанның даму банкі мен Қытайдың Экпорттық-импорттық банкі арасындағы отын-энергетикалық саладағы ынтымақтастыққа арналған 5 млрд. АҚШ доллары болатын №MFA 0901 бас ниселік келісімі шеңберінде «Ықпалдасқан газхимиялық кешені мен инфрақұрылымы - бірінші фазасының құрылысы» КРІ жобасына арналған жеке несиелік келісімге «ҚДБ» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Құсайынов пен Қытайдың Экспорттық-импорттық банкінің вице-президенті Су Чжун қол қойды.

6. «Қазфосфат» ЖШС мен Қытайдың «SinoChem Group» Қытайдың химия корпорациясы арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісіміне «Қазфосфат» ЖШС басқарма төрағасы М.Есенов пен Қытайдың «SinoChem Group» химия корпорациясының басқарма төрағасы Лю Дешу қол қойды.

7. «Қазатомпром» ҰАК» АҚ мен Қытайдың Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясы арасында Индустриалдық қаржылық қорға қатысуға байланысты өзара түсіністік туралы меморандумға Владимир Школьник пен Қытайдың Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясының бас директоры Чжан Шаньмин қол қойды.

Мемлекеттік сапар аясында «Урихтау» жобасы бойынша ынтымақтастық қағидалары туралы «ҚазМұнайГаз» АҚ мен Қытай ұлттық мұнайгаз корпорациясы арасындағы келісімге Қайыргелді Қабылдин мен ҚҰМК президенті Цзян Цземинь қол қойды.

ҚР Президентінің ҚХР-ға мемлекеттік сапары барлық қатынастарда да, ең бастысы, Қазақстан Үкіметі мен Қытай Үкіметі арасындағы трансшекаралық өзендердегі сулардың сапасын қорғау және экономикалық ынтымақтастық туралы келісімдер аса табысты болды.