«Табысты болыңдар, мұнайшылар үшін маңызды, жақсы өндіріс орны, жақсы жұмыс екен», - деді зауыттың тыныс-тіршілігімен жан-жақты танысқаннан кейін жұмысшылармен тілдескен Елбасы.
Осы ретте кәсіпорын жұмысшыларының бірі еліміздің тыныштығы, халқымыздың амандығы Президенттің жүргізіп отырған саясатының арқасы екендігін баса айтты.
«Сізге көп-көп рахмет. Құрбан айт құтты болсын, айттан айтқа жете берейік», - деді ол.
«Құрбан айтқа сендерге айтшылап келдім ғой», - деп әзілдеді Елбасы.
Кәсіпорында дәнекерлеуші болып жұмыс істейтін қарағандылық Екатерина да Елбасына жылы лебізін білдірді.
«Мен Сіздің қарағандылық жерлесіңізбін. Тіпті мен Сізбен бір университетте білім алыппын. Тек Сіздің заманыңызда Қарағанды политехникалық институты болса, қазір Қарағанды техникалық университеті деп аталады. Сол жерде білім алдым, магистратурада оқып, ұстаздық та еттім. Содан кейін өндіріске ауысып, Атырауда бір жыл болды жұмыс істеп жатырмын», - дейді ол.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы дәнеркерлеуші мамандығының өте маңызды екендігін атап өтті. Сонымен қатар Елбасы барлық өндіріс ошақтарында цифрландыру жүргізіліп, жұмыс орындарының оңтайландырылып жатқанын айтты.
«Жаңа іс дұрыс та. Бірақ, ол көптеген мамандықтардың қысқаруымен қатар жүреді. Қазір адамға өмірінде бірнеше мамандық ауыстыруына тура келеді. Онсыз болмайды. Кәсіпорындарыңыз жаңа екен, осы жерде жұмыс істеу өздеріңізге де ұнайтын шығар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.