Заң жобасына сәйкес, Елбасының «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын іске асыруға қосымшы шығыстар көзделіп отыр. Атап айтқанда, Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес, республикалық бюджетке осы мақсаттар үшін Ұлттық қордан 2015 жылы - 707,5 млрд., 2016 жылы - 372,5 млрд. теңге қарастырылады. Оның ішінде бір триллион теңге шеңберіндегі екінші транштың шараларын іске асыруға келесі жылы 360 млрд. теңге қаралады. Сонымен қатар, Жолдауда берілген тапсырмаларды іске асыру үшін 2015 жылы - 347, 5 млрд. теңге, 2016 жылы - 372, 5 млрд. теңге қаралады.
«Нұрлы жол» Жолдауы бойынша біз арнайы комиссия құрдық, оны Бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев басқарады. Осыған байланысты, Мәжілісте құрылып жатқан комиссияны, депутаттарды белсенді жұмысқа қатысуға, «Нұрлы жол» бағдарламасын қабылдауға бірге атсалысуға шақырамыз. Елбасы тапсырмасына сәйкес, біз алдағы жылдың бірінші қаңтарынан Жолдау аясындағы жұмысқа кірісеміз. Сондықтан да, алдағы апталарда белсенді іске араласып, келер жылдың басынан-ақ халық Жолдаудың жаңалықтарын сезінулері үшін жағдай жасайтын боламыз», - деді Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов.