«Бақыт бағасын білгеннің басында ғана тұрады» деген Нұрсұлтан Әбішұлының тамаша сөзі бар. Бұл кітап бізді басымыздағы бақытты бағалауға үйретеді, соған шақырады. Кітаптың басты құндылығы да осында. Атап айтқанда, жаңа әрі жақсы еңбегімен, халыққа ғибрат беретін кітабымен, жас ұрпақты өмір сүруге үйрететін кітабымен осы туындының авторы - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты құттықтағым келеді. Бұл кітап арқылы жас ұрпақ қиындықтарды жеңуге болатындығын үйренеді. Өзінің бойынан қажыр-қайрат табылса, білім, табандылық, адамгершілік табылса, әр адам өзінің бақытын өзі жасай алатынын көрсетеді. Сондықтан да бұл кітап біздің халқымызға пайдалы әрі құнды болатынына мен өз басым сенемін», - деді С.Абдрахманов.
Сонымен қатар «Егемен Қазақстан» газетінің президенті бұл кітаптың қалай жазылғандығы туралы айтып берді. Осы орайда ол соңғы жылдарда мемлекет басқарған ірі тұлғалардың барлығының дерлік осындай кітаптары жарық көргендігін, олардың біразы журналистке сұхбат түрінде, баяндап беру формасында шыққандығын жеткізді.
«Мен көп ойлана келе: «Президент туралы сұрақ-жауап түрінде жазса, емін-еркін айтуға мүмкіндік береді екен, бұл өзі жақсы форма екен ғой» деген ойға келдім. Жалпы, Елбасының қажырлы еңбектерін ескере келе, біздің елімізде Тұңғыш Президентіміз туралы қазіргіден әлдеқайда көп жазылу керек дегенді мақсат тұттым. Сондықтан да біз Елбасы туралы жазуды артық көрмеуіміз керек. Ел үшін еткен еңбегін айта беруіміз қажет, әсіресе, жастар үшін», - деді С.Абдрахманов.
Айта кетейік, кітапта Президет өзінің шыққан тегінен, балалық шағынан бастап, мектептегі, жастық жылдары, Теміртаудағы құрыш құйған шағы туралы әсерлі әңгімелейді. Сонымен қатар онда Семей полигонын жабу кезеңіндегі еңсерген қиындықтары, егемендіктің елең-алаңындағы алдан шыққан проблемалар, шекараны шегендеу кезеңіндегі мәселелер сияқты аса күрделі де күрмеулі жайлар сұхбат түрінде жан-жақты қозғалды.