Елбасының Парламент Мәжілісінің кезектен тыс жалпы отырысына қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламенттің сессиясын ашқан Нұрсұлтан Назарбаев сындарлы заң шығару дәстүрін жалғастыру қажет екенін атап өтті.

«Жаңа заңдарды әзірлеу мен қабылдаудың барлық мәселелері жөнінде Үкіметпен тығыз әрі үйлесімді өзара іс-қимыл жүргізу қажет. Осы орайда, заңдар тиянақты әрі сапалы әзірленген болуы тиіс. Әсіресе Сенат пен Мәжіліс депутаттарының халыққа жаңа заңнаманың мақсаттары мен міндеттерін жеткілікті түрде түсіндірудегі рөлін арттыру маңызды», - деді Президент.

Елбасы әлемдік экономика мен саясаттағы күрделі жағдайға назар аударды.

«Әлемдегі көптеген экономикасы дамыған және дамушы мемлекеттер қиындықты бастан кешуде. Елдер арасындағы инвестиция ағынының көлемі азайды. Біз әлемдік экономиканың бөлігі болғандықтан, мұның бәрі Қазақстандағы жағдайға да кері әсерін тигізуде. Осындай жағдайда Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының іске асырылуы жалғаса береді, ол жаңа шаралармен уақтылы толықтырылып отырады, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы депутаттық корпусты алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты.

«Жаңа сессияның аясында Сіздерге 50 шақты заң жобасын талқылап, қабылдау қажет. 7 жаңа заңды қабылдауға депутаттар бастамашылық етті және оны Үкімет қолдады. Бұл бастамалар - депутаттық корпустың жоғары кәсібилігінің айқын дәлелі. Өткен сессия аясындағы 28 жоба бойынша талқылау үдерісі басталды», - деді Қазақстан Президенті.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Палаталары қызметінің барынша жариялы болуы қажеттігіне тоқталды.

Сөзінің соңында Нұрсұлтан Назарбаев жиналғандарды кезекті парламенттік сессияның басталуымен құттықтап, зор денсаулық және жемісті жұмыс тіледі.

Отырыстың күн тәртібінде бір ғана мәселе - Қазақстан Респуб­ликасының Президентіне Қазақстан Республикасының Премьер-министрін тағайындауға келісім беру туралы мәселе қаралды. Жалпы отырысқа төрағалық еткен Мәжіліс спикері Н.Нығматулин атап өткендей, Конституцияның 56-бабы 1-тармағы 2)-тармақшасына сәйкес Республика Президентіне Республика Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру Мәжілістің ерекше қарауына жатады. 
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша сөз алған Елбасы премьер-министр К.Мәсімов бастаған үкіметтің отставкасын қабыл алғанын атап өтіп, үкімет басшысы мен мүшелеріне күрделі кезеңде алға қойылған барлық міндеттердің орындалғанын айтып, атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірді.   
Мемлекет басшысы Конституцияның 44-бабына сәйкес, Парламент Мәжілісінің қарауына Қазақстан Республикасы Премьер-министрі лауазымына Бақытжан Сағынтаевтың кандидатурасын ұсынды.
Елбасы өз сөзінде облыстардың, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа Министрлер кабинеті шешуге тиіс бірқатар жаңа міндеттер алға қойылғандығын, әлемдік экономика мен саясаттың қазіргі тұрақсыздығы жағдайында стратегия­лық бағдарламаларымызды іске асыруды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті. Бұл тұрғыда Үкіметтен барлық бағыт бойынша нақты, сауатты жұмыс талап етіледі. Осы орайда «Басқарушылық салада тәжірибесі мол, еліміздің ірі аймақтарының бірі - Павлодар облысын басқарған, «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесі бюросының мүшесі Бақытжан Сағынтаев жаңа Үкімет жұмысының сабақтастығы мен тиімділігін сақтау үшін лайықты кандидатура деп ойлаймын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мәжіліс депутаттары премьер-министр лауазымына ұсынылған Б.Сағынтаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.