Елбасының шақыруымен Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ресми сапары өтеді
16:48, 05 Сәуір 2010
әуірдің 5-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Сәуірдің 6-7 аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның ресми сапары өтеді. Бұл туралы бүгін Астанадағы брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ілияс Омаров мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана мен Семей қалаларына бару сапарын қамтитын бұл шарада саяси байланыстарды нығайту мәселелері қарастырылып, біздің еліміздің басшыларымен өзекті ынтымақтастық мәселелері талқыланады. Сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы барысындағы халықаралық проблемалар қарастырылмақ», деп атап өтті І. Омраов.
Оның сөзіне қарағанда, сапар аясында БҰҰ Бас хатшысы Семейдегі бұрынғы ядролық полигонда болып, Ұлттық ядролық орталығымен, оның ішінде радиациялық қауіпсіздік және экология институтымен танысады.