Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы Грузияда таныстырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Елшілігі Грузияның Ұлттық ғылым академиясында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» кітабының таныстырылымын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шараға Грузия Ұлттық ғылым академиясының мүшелері, жоғары оқу орындарының мұғалімдері, журналистер мен студенттер қатысты.

Грузия ҰҒА Президенті, академик Георгий Квеситадзе өз сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен үш мәрте кездескенін және оның басшылығымен Қазақстан жаһандық сын-қатерлерді сенімді еңсеріп келе жатқанын баса айтты.

«Мемлекет - тірі ағза. Ал аталған ағзаны қалыптастыратын, нақты белгіленген параметрлерге сәйкес әрбір элементінің толыққанды дамуын қамтамасыз ететін және оның сенімді қызметіне кепілдік беретін қазақстандық модель - базалық матрица», - дейді ол.

Сонымен қатар Г.Квеситадзе ұлтаралық келісімнің қазақстандық моделінің халықаралық деңгейде мойындалуы да тосын жайт еместігін баса айтты.

Қазақстанның Грузиядағы істерінің уақытша сенімді өкілі Гүлмира Сұлтанәлі де сөз сөйлеп, Мемлекет басшысының қазақстандық мемлекеттілікті қалыптастыру, ұлт пен елді қайтадан өрлету жолындағы ерен еңбегіне кеңінен тоқталды.

Шара барысында Нұрсұлтан Назарбаев кітаптарының және Қазақстанға туралы көрме ұйымдастырылды.