Елбасының ұсынысымен БҰҰ Қ.Тоқаевты ұйымның Женевадағы бөлімінің бас директоры етіп тағайындау туралы шешім қабылдады

АНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен телефон арқылы сөйлесті.

Елбасы БҰҰ басшысымен болған әңгіме барысында халықаралық өзекті мәселелерді, оның ішінде Мағриб, Таяу Шығыс және Орталық Азия елдеріндегі жағдайларды талқылады, деп хабарлады ҚР Президентінің баспасөз қызметінен.

Пан Ги Мун Қазақстанның белсенді және салмақты сыртқы саяси қызметіне ризашылығын білдірді. Атап айтқанда, БҰҰ Бас хатшысы Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы сәтті төрағалығын және Астанадағы ЕҚЫҰ саммитінің табысты өткізілгенін атап көрсетті.

Пан Ги Мун сондай-ақ, БҰҰ жүйесіндегі басшылық қызметке Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсыну туралы Қазақстан Президентінің ұсынысын егжей-тегжейлі зерттегенін жеткізді. Және халықаралық қауіпсіздікті және ядролық қару-жарақты таратпау режимін нығайтуға қосқан Қазақстанның айтулы үлесін, елдің әлеуметтік-экономикалық дамудағы және сыртқы саясаттағы жетістіктерін ескере отырып, Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры етіп тағайындау туралы шешім қабылдағанын айтты.