13:53, 20 Сәуір 2009
Елбасының ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес жөніндегі тапсырмасы орындалуда ? Ішкі істер вице-министрі
АСТАНА. Сәуірдің 20-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елбасының өткен жылы Қауіпсіздік кеңесінде жүктеген ұйымдасқан қылмыстық топтарды жою жөніндегі тапсырмасы орындалуда.
Бұл туралы бүгін журналистермен кездесуі барысында Ішкі істер вице-министрі Қалмұхамбет Қасымов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның айтуынша, елдегі ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес мақсатында Президент Әкімшілігі, Бас прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Ішкі істер министрлігі және Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі сияқты өзге де бірқатар министрліктер мен ведомство өкілдерінен арнайы жұмыс тобы құрылды. «Ал олардың байланыстарын нығайту мақсатында нормативті-құқықтық актілерге өзгерістер енгізіліп, ұйымдасқан қылмыстық топтардың жолын кесуге бағытталған арнайы жоспар құрылды. Бұл бағытта біз өзара тәжірибе де алмастық. Құқық қорғау саласы қызметкерлерінің біліктіктерін арттыру үшін Қарағанды заң университетінің базасында арнайы оқу курстарын ұйымдастырдық.
Егер осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өзін ақтайтын болса, біз оны білікті мамандар даярлайтын орталыққа айналдырамыз», - деді вице-министр. Оның мәліметтеріне қарағанда, ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес мақсатында бірлескен бұйрықтар негізінде Ішкі істер министрлігі, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті сияқты органдар 61 бірлескен жедел топ құрған. «Соңғы үш айда Ішкі істер министрлігі аталмыш органдармен бірлесе отырып, ұйымдасқан қылмыстық топтардың
18 «серкесі» мен 87 мүшесін құрықтады. Сондай-ақ ұсталғандардың арасында қылмыстық әлемнің 13 «беделдісі» бар. Оларды ұстау кезінде автомат, тапанша сияқты өзге де бірқатар атыс қарулары мен есірткілік заттар тәркіленді», - деді Қ.Қасымов.