Елбасының Жарлығына сәйкес заңдарға қазақстандық қамту мәселелері бойынша түзетулер енгізіледі

АСТАНА. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Үкіметтен Мәжіліске «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қазақстандық қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы келіп түсті.

Бұл заң жобасы Қазақстан Президентінің 2009 жылғы қаңтардың 27-дегі «Ұйымдар мен мемлекеттік органдар сатып алатын тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алу кезінде қазақстандық қамтудың мәселелері туралы» Жарлығын орындау үшін әзірленген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Заң жобасын қабылдаудың мақсаты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуы кезіндегі қазақстандық қамту мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін белгілеу, ұлттық басқарушы холдингтің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялар мен олардың еншілес және олармен аффилиирленген заңды тұлғалардың қазақстандық қамту бөлігіндегі тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді сатып алуының ерекшеліктерін регламенттеу, сондай-ақ қазақстандық қамту бөлігінде заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті белгілеу және индустрия және сауда саласындағы уәкілетті органға заңды тұлғалардың әкімшілік құқық бұзушылықтары туралы хаттаманы жасау өкілеттіктерін беру болып табылады.

Заң жобасы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы», «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Акционерлік қоғамдар туралы», «Концессиялар туралы»,  «Мемлекеттік сатып алу туралы» және «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.

Заң жобасын қабылдау мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржы шығыстарын талап етпейтіні ескертілген.