Елбасының жеделхаты Г.Головкинді қанаттандырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан құттықтау жеделхаты Геннадий Головкинге жекпе-жек аяқталғаннан кейін бірден табысталды, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.

«Біздің Мемлекет басшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қолдау көрсетіп, түсіністікпен қарағаны үшін шексіз ризамын. Бұл - мен үшін зор мәртебе. Менің жекпе-жегімді көргені үшін қуаныштымын. Бұл - барша Қазақстанның жеңісі. Біздің туымыз көтеріліп, әнұранымыз шырқалды. Біздің еліміз тамаша. Мен барша қазақстандықтарға денсаулық пен зор табыс тілеймін», - дейді Г.Головкин.

«Жекпе-жек қарсаңында өте қауырт жұмыстар жүргізілді. Геннадий 12 келі салмақ, оның 2,5 келісін соңғы үш күннің ішінде түсіруі тиіс еді. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан жеделхат алу Геннадийді қанаттандыра түсті», - дейді Г.Головкиннің қасында соңғы бес күн бойы болған Мұхтар Тінікеев.

Айта кетейік, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге 2014 жылы 26 шілдеде австралиялық Дэниэл Гилмен өтетін жекпе-жекте жеңіс тілеген жеделхатын боксшыға Нью-Йорктегі ҚР Бас консулдығы табыс еткен болатын.

Сонымен қатар Елбасы бокстан WBA және IBO тұжырымы бойынша кәсіпқойлар арасындағы әлем чемпионы атағын қорғап қалғаны үшін Геннадий Головкинге құттықтау жеделхатын жолдады. Мемлекет басшысы Г.Головкиннің жеңісі боксты сүйетін көпшілік қауым және барша қазақстандық жанкүйерлер үшін тамаша тарту болғанын атап өтті.

«Лайықты қарсыласпен адал бәсекеде сен жауынгерлік мінез, қайсар рух танытып, дайындығыңның мықты екенін көрсеттің, өзіңнің үздік екеніңді тағы да дәлелдедің, Қазақстанның халықаралық деңгейдегі абырой-беделін арттырдың. Біз сенің жеңісіңді мақтан етеміз», - делінген жеделхатта.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін бокстан орта салмақ дәрежесінде WBA (Super) мен IBO бойынша әлем чемпионы қазақстандық Геннадий Головкин австралиялық боксшы Дэниэл Гилді 3-раундта сұлатып салды . 33 жастағы Дэниэл Гилге қарсы кездесу 27 шілдеде Нью-Иорктегі 20 мың орындық Madison Square Garden аренасында өттi. Жекпе-жек HBO телеарнасы арқылы 100-ден астам елде көрсетiлдi. Бұл Геннадийдің кәсіпқой бокстағы 30-шы кездесуі. Ал WBA чемпионы титулын 11-ші рет қорғады.