Елбасының Жолдауы мен қоғамның өзекті мәселелері қашанда біздің тілшілеріміздің назарында - «ҚазАқпарат» Ұлттық компаниясының президенті

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Елбасының Жолдауын насихаттау жұмыстарын барынша белсенді жүргізіп келеді және бұл бағыттағы жұмыстар уақыт өткен сайын күшейе түсуде.

Бүгін аталмыш агенттік президенті Дәурен Дияров Мәдениет және ақпарат министрлігінде өткен алқа мәжілісінде осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Елбасы Жолдауы жарияланысымен агенттік сайтында қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде Жолдаудың толық мәтіні жарияланып, арнайы айдар ашылды. Сайтта жарияланған материалдардың барлығы негізінен қалың көпшіліктің еліміздің ертеңіне деген сенімін нығайтуға және Мемлекет басшысының саясатын қолдауға бағытталды. «Біз ақпарат тарату ісіне өзіміздің жеке мүмкіндіктерімізбен қатар Үкімет өкілдері мен Парламент депататтарын, танымал саясаткерлер мен қоғам қайраткерлерін және халықаралық сарапшыларды да тартудамыз», - деді компания президенті. Ол ағымдағы жылдың наурыз айының 6-сы мен 14-і аралығында агенттіктің сайтында және оның жекелеген айдарларында үш тілде түрлі жанрлар бойынша 698 материал жарияланғанын атап өтті. Сонымен қатар президент Жолдауына байланысты министрлік мен ведомство басшыларының және облыс әкімдерінің, ғалымдар мен сарапшылардың пікірлері де берілуде. «Мысалы, жуырда біз Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың сұхбатын жарияладық. Министр онда ауылдағы шағын және орта бизнес пен ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қаржының жағдайына байланысты және өзге де кең ауқымды мәселелер жөнінде жан-жақты баяндап берді. Біз болашақта Экономика және бюджетті жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов пен Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаевтардың сұхбаттарын дайындау үстіндеміз. Тоқетері, біз жыл соңына дейін агенттік сайтында еліміздегі барлық министрлердің пікірін беруді мақсат етіп отырмыз. Бұл өз кезегінде дағдарыстың елімізге кері әсерінің алдын алуға игі ықпал етеді деген ойдамын», - деді Д.Дияров. Сонымен қатар ол қаржы саласы мен құрылыс жұмыстарының және студенттерге бөлінетін несие, жұмыссыздықпен күрес сияқты бүгінгі күннің өзекті проблемалары агенттік тілшілерінің басты назарында екендігін атап өтіп: «Агенттік сайтында бұл мәселелерге байланысты ең соңғы деген жаңалықтар дер кезінде жеткізіліп отыр», деп атап көрсетті. «Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы үлкен істердің басы ғана деп айтуға болады. Елбасының Жолдауын біз тұрақты назарда ұстаймыз, сонымен қатар біз Мәдениет және ақпарат министрлігімен, сондай-ақ «Арна Медиа» Ұлттық холдингімен бірлесіп қызмет етуге дайынбыз», - деді Д.Дияров.