Елбасының жүлдесі үшін қазақ күресінен ұйымдастырылатын «Қазақстан барысы» жарысының биылғы кезеңі басталды

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен ұйымдастырылатын «Қазақстан барысы» жарысының биылғы кезеңі басталды.

Бұл туралы бүгін Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев аталмыш жарыстың басталуына байланысты журналистермен арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мәлім етті. 

Оның сөзінше, жарыс 4 кезеңнен тұрады. Оның  1-кезеңі еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендерде өтеді. Одан әрі спорт бәсекесі аудандық, облыстық және республикалық деңгейде жалғасады. Жарыстың соңғы, яғни ақтық кезеңі биылғы қыркүйек айында Астанада өтеді деп күтілуде. 

«Жарыс Халықаралық қазақ күресі федерациясы мен Спорт және дене шынықтыру агенттігінің бекіткен ережесі негізінде ұйымдастырылады. Біз осыған дейін қазақ күресінен көптеген жарыстар ұйымдастырып, солардың арасында қазақ күресіне байланысты ең үздік деген әдістер іріктеліп, олар осы жолғы жарысты ұйымдастыру ережесіне енгізіледі. Биылғы «Қазақстан барысы» жарысына әр облыстан және Астана мен Алматы қалаларынан ең мықты деген 2 балуаннан қатысады»,- деді Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті. 

Ұйымдастырушылардың мәліметтерінше, «Қазақстан барысы» жарысына биыл еліміздің әр аймағынан 2 спортшыдан қатысады. Ал өткен жылы жарысқа аймақтардан 4 спортшыдан қатысқан. Сондай-ақ биыл жарысқа «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы демеушілік етеді. Ал өткен жылы жарысты Қызылорда облысының әкімдігі қаржылай қолдаған болатын. Сыйлықтар 8 орынға дейінгі жеңімпаздарға беріледі. Жеңімпаздардың бапкерлері де сыйлықтан құр қалмайды. 

«КТК» телеарнасының Бас директоры, «Қазақстан барысы» жобасының авторы - Арман Шораевтың айтуынша, жарыстың жүлде қоры өткен жылы 265 мың АҚШ доларын құраса, биылғы жылы ол 50 миллион теңгеге жетіп отыр. Бұл өткен жылғы қордан 1,5 есеге артық. Бұдан бөлек біз Ұлттық банкпен келісіп, салмағы 777 грамм болатын «Алтын тайтұяқ» жасап жатырмыз. Жарыстың бас жүлдесі 150 мың АҚШ долларын жеңіп алған азамат көне дәстүр бойынша осы «Алтын тайтұяқты» да олжалайды. Жарысты және жалпы қазақ күресін ең белсенді насихаттаған журналистер де ұйымдастырушылардың назарында болады.

Спорт бәсекесіне еліміздегі атақты спортшылар да қатыса алады және олар тек Қазақстан азаматтары болулары керек. Шет мемлекеттерден спортшылар қатыстырылмайды. Ақтық кезең, яғни жарыстың финалы елордамыз Астанада өтеді. «Қазақстан барысы» жарысының ақтық кезеңін көрушілер санының өткен жылы тым көп болып, «Дәулет» спорт кешеніне сыймауына байланысты жарыстың финалдық кезеңі биыл велотректе өткізілуі ықтимал. Жарыстың ауылдық аймақтардан бастап өтетін іріктеу шаралары «Қазақстан» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі. Ал финалдық жарыс бірнеше республикалық телеарнадан таратылады.