Еліміздегі ең қарт азамат Ұлытау облысында тұрады. Ол 116 жасқа толған туған күнін атап өткен.
100 және одан жоғары жастағы азаматтар саны бойынша Алматы көш бастап тұр. Мегаполисте 41 жүзжылдық тұрады.
Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша екінші орында Түркістан облысы орналасқан. Мұнда 100 жастан асқан 32 адам бар. Ал Алматы облысында осындай жастағы 25 азамат тұрады.
Ең қарт қазақстандықтардың қатарында Ұлытау облысының 116 жастағы тұрғыны, Павлодар облысының 114 жастағы тұрғыны және Қостанай облысының 111 жастағы тұрғыны бар.
Айта кетейік, жыл сайын 1 қазанда Қазақстанда және әлемнің көп елінде Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылғы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 45-сессиясы жариялаған.
Мерекенің басты мақсаты — егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және мойындау, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру мәселесіне назар аудару.
Айта кетейік, 2026 жылдың басында Қазақстанда 60 жастан асқан халық саны 2 923 472 адам болды.
Еске салайық, қарттар күніне орай 274 мың адамға 3,8 млрд теңге көмек көрсетілетінін жазғанбыз.