Қазақстанда 172 жазғы лагерь қауіпсіз деп танылды

АСТАНА.KAZINFORM — Белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін 172 маусымдық балаларды сауықтыру орталығы оң санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алды.

Фото: ДСМ

Маусым басталар алдында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ауыз судың сапасын, ас блоктарының, тұрғын үй-жайлардың, аумақтардың, жағажайлар мен бассейндердің жай-күйін тексерді. Санитариялық қорытындысыз лагерьлердің қызметіне жол берілмейді.

Денсаулық сақтау министрлігі балаларды сауықтыру ұйымдарының жұмысын әр ауысым бойы тұрақты бақылауды да ұйымдастырды.

Ата-аналарға Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми сайтында үнемі жаңартылып отыратын санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысы бар лагерьлердің тізбесімен алдын ала танысу ұсынылады.

Ведомствода балалардың қауіпсіз әрі салауатты демалысын қамтамасыз ету жазғы сауықтыру науқанының басым бағыттарының бірі болып қала беретіні атап өтілді.

Айта кетелік санитариялық қорытындысы жоқ лагерьлер балаларды қабылдай алмайды