— Өсім Қашаған мен Қарашығанақта қайта өңдеу қуаттарын іске қосу есебінен қамтамасыз етіледі, бұл инфрақұрылымды кеңейтуге және өңірлерді газбен тұрақты жабдықтауға кепілдік береді. 2027-2030 жылдары тауарлық газдың қосымша көлемі 1,6 млрд текше метрге, 2031 жылы — 2,3 млрд текше метрге, ал 2032 жылы 6,6 млрд текше метрге жетеді, — деді Е. Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, басым міндеттердің бірі — инфрақұрылымдық нысандарды уақытылы іске қосу болып қала береді. 2025 жылы қазан айында «Талдықорған — Үшарал» магистральдық газ құбыры пайдалануға берілді.
Бұдан басқа, осы жылдың соңында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісіне қарасты желілік бөлігінің бірінші кезеңін, ал 2029 жылы оның екінші кезеңін аяқтау жоспарлануда, бұл тауарлық газдың қуатын жылына 15 млрд текше метрге дейін арттырады.
— 2027 жылы Қашағанда қуаты жылына 1 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты және Жаңаөзенде қуаты жылына 0,9 млрд текше метр болатын Қазақ газ өңдеу зауыты пайдалануға беріледі. 2030 жылға қарай Қашағанда жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін ГӨЗ, сондай-ақ Қарашығанақта жылына 5 млрд текше метр өнім шығаратын ГӨЗ іске қосу көзделген. Осы жобаларды жүзеге асыру газды қайта өңдеуді ұлғайтуға, газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен жабдықтауға мүмкіндік береді, — деді Ерлан Ақкенженов.
Айта кетейік, Қазақстанда газдандыру деңгейі 64,2% жеткені белгілі болды. Тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында жаңа кен орындарын игеру жоспарланып отыр.
2035 жылға қарай қазақстандықтардың 80 пайызы табиғи газға қол жеткізеді.