Республикадағы 36 Достық үйі жасампаз бастамалардың маңызды орталығына айналды - Балаева
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қазақстандықтарды Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықттады.
— Бұл мерекенің ел өмірінде алар орны ерекше. Халық бірлігі, ортақ тарихи тағдыр, теңдік пен татулық идеялары жаңа Халықтық Конституцияда да көрініс тапқан. Ата заңның преамбуласында «Біз, біртұтас Қазақстан халқы…» деген тұжырымның, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарының сақталуының өзі терең мәнге ие. Бұл бірлік, ынтымақ пен сыйластықтың қоғам үшін ғана емес, Қазақстанның алдағы дамуы үшін де берік негіз екенін айқындайды, — деді Аида Балаева.
Мемлекет басшысы этносаралық келісім мен халық бірлігі мемлекеттік саясаттың аса маңызды бағыттарының бірі екенін, әділдік пен барлық азаматқа тең мүмкіндік беру — Әділетті Қазақстанның басты қағидаты екенін үнемі айтып келеді.
— Бүгінде елімізде жүзден астам этнос өкілі бейбітшілік, сенім және түсіністік жағдайында өмір сүріп жатыр. Қазақстанда мыңнан астам этномәдени бірлестік пен төрт мыңнан аса қоғамдық құрылым жұмыс істейді. Олар халық бірлігін нығайтуға, мәдениетаралық диалогты дамытуға және халқымыздың бай рухани мұрасын сақтауға елеулі үлес қосып келеді.
Қазақстанда барлық этностың мәдениетін, тілін және дәстүрін дамытуға қажетті жағдай жасалғанын атап өткім келеді. Республика бойынша жұмыс істейтін 36 Достық үйі қоғамдық келісімнің, мәдени алмасудың және жасампаз бастамалардың маңызды орталығына айналды.
Бірлік, келісім мен сыйластық алдағы уақытта да Қазақстанның өркендеуіне, халқымыздың әл-ауқатының артуына берік негіз болады деп сенемін.
Айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке, әр шаңыраққа бейбітшілік пен бақыт, ырыс-ынтымақ және толайым табыс тілеймін, — деп жазды Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Айта кетелік Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының бірлігі мерекесімен құттықттаған еді.