Елде агробизнеске 1%-дық жеңілдетілген несие беру қағидалары жаңартылды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды қаржыландыру тәртібіне өзгерістер енгізіліп, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейту мен жаңғыртуға бағытталған жаңа кредиттеу қағидалары бекітілді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Үкімет

Тиісті өзгерістер ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 15 маусымдағы бұйрығымен енгізілді.

Құжатқа сәйкес, бюджеттік кредиттеу аясында жергілікті атқарушы органдарға республикалық бюджеттен қайтарымды, мерзімді, ақылы және қамтамасыз етілген негізде қаражат бөлінеді. Кредит мерзімі 1% жылдық мөлшерлемемен 10 жылға дейін белгіленген.

Қаржы агроөнеркәсіптік кешендегі жобаларды іске асыруға және кеңейтуге бағытталады. Атап айтқанда, сүт-тауар фермаларын, ет және жұмыртқа бағытындағы құс фабрикаларын, етті мал шаруашылығы кәсіпорындарын, бордақылау алаңдарын, ет өңдеу өндірістерін, көкөніс және жеміс сақтау қоймаларын, жылыжай кешендерін, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу нысандарын салу, сондай-ақ акваөсіру мен қой шаруашылығын дамыту көзделген.

Негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі 24 айға дейін, ал бюджеттік кредитті игеру мерзімі қаражат аударылған сәттен бастап 18 айға дейін белгіленді.

Сонымен қатар қолданыстағы бағдарламалар аясында қайтарылған қаражат есебінен кредиттерді кредиттік шарт мерзімінен аспайтын кезеңге беру мүмкіндігі енгізілді.

Жаңа талаптарға сәйкес, кредит қаражатын ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға және айналым қаражатын, соның ішінде бордақылауға арналған мал алуға пайдалануға болмайды.

Жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын жобалар бойынша әкімдіктер өңір қажеттіліктері мен тиімділік көрсеткіштерін ескере отырып, басым бағыттарды өздері айқындайды.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен бір жобаға берілетін кредиттің ең жоғары көлемі 5 млрд теңгеге дейін белгіленген. Мұндай несиелер бойынша номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 2,5%-ды құрайды.

Жобаларды іріктеудің негізгі өлшемдері ретінде олардың әлеуметтік-экономикалық маңызы, жаңа жұмыс орындарын құруы, өтініш берушінің тәжірибесі, қаржылық тұрақтылығы, кепілдік мүліктің болуы және жоба құнының кемінде 10%-ын құрайтын бірлескен қаржыландыру қарастырылған.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 шілдеден бастап құрылыс заңнамасына сәйкес жобалардың оң сараптамалық қорытындысының болуы міндетті талапқа айналады.

Бұйрық 2026 жылғы 29 маусымнан бастап күшіне енеді. Ал жекелеген нормалар 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Бұған дейін хабарланғандай, агроөнеркәсіп кешенінің экспорттық түсімі 7 млрд АҚШ долларына жетті.