Елде бірыңғай астық холдингін құру қажет - Елбасы

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Жолдыбаев/ - Елде бірыңғай астық холдингін құру қажет.

Бұл туралы бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында мәлім етті.

Елбасының айтуынша, мемлекет астық салаларын ұйымдастырып, құрылымдау тиіс.

«Қазақстанның ауыл шаруашылығы экспорттық мүмкіндіктер мен инновацияны енгізудің зор әлеуетіне ие. Жыл сайын әлемде азық-түлікке деген сұраныс жоғарылай бермек, бұл мүмкіндікті жіберіп алмауымыз тиіс. Бізге аграрлық өндірісте жеке инвестицияның тәуекелін төмендету үшін займдарды сақтандырудың мемлекеттік кепілдендіру жүйесін құру қажет. Фермерлердің қаржыландыру көздеріне қолжетімділігін кеңейтудің балама жолдарын табу керек. Үкіметке делдалдарсыз бөлшек сауданы мемлекеттік қолдаудың тетіктерін жасақтап, енгізуді тапсырамын», - деді Елбасы.  

Мемлекет басшысы Жолдауда еттің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасын одан әрі белсендіру қажеттігіне де тоқталды. Сонымен қатар, Үкіметке мал шаруашылығының басқа да салаларын, соның ішінде қой шаруашылығы, мал азығы салаларын дамытуды тапсырды.