Елде бөліп төлеу қызметтері заңмен реттелмек

Коллаж: Kazinform/ Canva

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда BNPL нарығын реттеу үшін жаңа заң әзірлеу немесе қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

– Тиісті жұмыс жалғасып жатыр. Аталған бастама қаржы ұйымдарына жатпайтын, алайда маркетплейстер мен сауда үйлері ұсынатын бөліп төлеу қызметтерін қамтиды. Мұндай тетіктер несиелік өнімдерге тән барлық белгілерге ие болғандықтан, оларды реттеу қажеттілігі туындап отыр, – деді ол. 

Сонымен қатар журналистер қазақстандықтардың тұтынушылық несиелер бойынша алатын қарыз сомасына шектеу енгізу мәселесін көтерді.

Әбілқасымованың айтуынша, бұл шараны енгізу жоспарланған. Соңғы мәліметке сәйкес, Қазақстан Ұлттық банкі аталған норманы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды көздеп отыр.

Жаңа талаптарға сәйкес, әрбір қарыз алушы үшін жалпы берешектің ең жоғары мөлшеріне қатысты номиналды мәнде абсолютті лимит белгіленеді.

Айта кетейік былтыр Қазақстанда несие беру талаптарының күшеюі тұтынушылық кредиттердің қарқынын айтарлықтай төмендеткенін жазғанбыз.