Елде бір аптада пияз, қант және алма арзандады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда қазан айының алғашқы аптасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатары арзандады. Ең көп арзандаған өнім — пияз. Оның бағасы бір аптада 4% төмендеді.

Фото: ҚР Сауда және интерграция министрлігі

2026 жылғы 7 қазандағы жағдай бойынша қант 2,6%, алма 1,8%, картоп 1%, сәбіз 0,8% арзандады. Балық бағасы 0,3%, ал қаймақ, ет фаршы және күріш 0,2% төмендеді.

Сонымен қатар ұн, нан, сүйексіз сиыр еті, қой еті және тауық етінің бағасы өзгерген жоқ.

Қай өңірде азық-түлік арзандады?

Өңірлер арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы Атырауда 0,3%, Түркістан мен Ақтауда 0,1% төмендеді. Астана, Алматы, Ақтөбе, Жезқазған, Қонаев, Павлодар, Талдықорған және Тараз қалаларында баға өткен аптадағы деңгейде қалды.

Ең арзан пияз қай қалада сатылып жатыр?

Қазақстан бойынша пияз келісінің орташа бағасы 133 теңге болды. Ең төмен баға Талдықорғанда тіркелді — 108 теңге.

Қант келісінің орташа бағасы 435 теңге болды. Ақтөбеде оның келісі 368 теңгеден сатылды.

Алманың орташа бағасы 699 теңге болса, Шымкентте оның келісін 494 теңгеден алуға болады.

Қияр келісінің орташа бағасы — 536 теңге. Ең арзан қияр Түркістанда сатылды — 346 теңге. Таразда оның бағасы 414 теңге болды.

Айта кетейік, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы апта сайын бақыланады. Олардың тізбесіне 31 түрлі азық-түлік өнімі кіреді.

Еске салайық, бұған дейін елде азық-түлік бағасы екінші ай қатарынан төмендегенін хабарлағанбыз.