Елде бір мезетте 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүріп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — 2029 жылға дейін Қазақстанда тоғыз жаңа перинаталдық орталық салынады, деп хабарлайды Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Фото: Қызылорда облысы әкімдігі

Министрлік Мемлекет басшысының халыққа медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру шеңберінде медициналық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобаларды жүзеге асыруды жалғастырып келеді.

Фото: ДСМ

— Бүгінде Қазақстанда жалпы құны 108 млрд теңгені құрайтын 51 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қатар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 55 млрд теңге «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде аудандық ауруханаларды жаңғыртуға бағытталса, тағы 53 млрд теңге бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға қарастырылған. Атап айтқанда, Қызылорда және Өскемен қалаларында 300 төсектік көпбейінді ауруханалардың, Атырау облысының Өркен және Нұрсая шағын аудандарында емханалардың, Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданының Бескөл ауылында бір ауысымда 250 адам қабылдауға арналған және Талдықорған қаласында бір ауысымда 500 адам қабылдауға арналған емханалардың құрылысы жалғасуда, — делінген ведомство хабарламасында.

Фото: ДСМ

2026 жылы сондай-ақ 2025 жылы Арнаулы мемлекеттік қор қаражатының есебінен қаржыландырылған бірқатар нысандарды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Олардың қатарында Қарағанды қаласындағы онкологиялық диспансер, Талдықорған қаласындағы облыстық балалар ауруханасын реконструкциялау, Жетісу облысындағы Кербұлақ аудандық ауруханасы ғимараттарының сейсмикалық беріктігін күшейту, сондай-ақ Өскемен қаласындағы Гематология орталығының құрылысы бар. Аталған жобаларды іске асыру денсаулық сақтау жүйесінің инфрақұрылымын едәуір нығайтуға, медициналық көмек көрсету үшін заманауи жағдай жасауға және еліміздің барлық өңірі тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Фото: ДСМ

Ауылдық денсаулық сақтауды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 

— 2026 жылдың соңына дейін 32 аудандық аурухананы жаңғыртып, оларды заманауи көпбейінді аудандық орталық ауруханалар деңгейіне жеткізу жоспарланған. Жаңғырту жұмыстары нысандарды күрделі реконструкциялаумен ғана шектелмей, компьютерлік томографтар мен ангиографиялық кешендерді қоса алғанда, заманауи жоғары технологиялық медициналық жабдықтармен жарақтандыруды да қамтиды. Бұл, әсіресе инсульт пен инфаркт кезінде адам өмірі мен денсаулығын сақтап қалуда шешуші маңызға ие болатын «алтын сағат» қағидаты шеңберінде көрсетілетін уақтылы медициналық көмектің тиімділігін арттырып, жедел жағдайдағы пациенттерді диагностикалау мен емдеудің жеделдігін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.

Мамандардың бағалауынша, жобаны іске асыру нәтижесінде жүрек-қантамыр аурулары мен инсульттен болатын өлімнің деңгейі шамамен 20 пайызға төмендейді.

Медициналық инфрақұрылымды дамытудың маңызды бағыттарының бірі — мемлекеттік-жекешелік әріптестік. Қазіргі таңда елде Көкшетау қаласында 630 төсектік, Қосшы қаласында 350 төсектік заманауи көпбейінді ауруханалар, сондай-ақ Алматы қаласында жаңа медициналық кешен салу бойынша ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Фото: ДСМ

Мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі — ана мен бала денсаулығын сақтау қызметін дамыту. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заманауи перинаталдық орталықтар желісін салу бағдарламасы іске асырылып жатыр. 2029 жылға дейін Астана қаласында (екі орталық), Алматы, Шымкент, Қарағанды, Алматы облысының Қаскелең, Қызылорда, Орал қалаларында және Түркістан облысының Темірлан ауылында барлығы тоғыз перинаталдық орталықтың құрылысы жоспарланған. 

Заманауи жабдықтармен жарақтандырылған медициналық ұйымдарды құру азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға, жоғары технологиялық медицинаны дамытуға және денсаулық сақтау саласының кадрлық әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.

Бұған дейін Қазақстан медициналық туристерге арналған «бір терезе» жүйесін енгізетінін жазғанбыз.