Елде дрондар жолдағы ақауды автоматты түрде анықтайды

Фото: Көлік министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда жол сапасын бақылау үшін дрондарды енгізу жоспарланып отыр. Қазақстанда автомобиль жолдарының жай-күйін бақылауға арналған жаңа буын ұшқышсыз ұшатын аппарат сынақтан өтті.

DJI Matrice 400 дронының лазерлік лидармен жабдықталған мүмкіндіктері Ақмол – Воздвиженка – Талапкер облыстық маңызы бар автомобиль жолының учаскесінде көрсетілді. Бұл жаңашылдық жол төсеміндегі ақауларды автоматтандырылған түрде анықтауға бағытталған.

Фото: Көлік министрлігі

Құрылғының технологиялық базасы тексеру процесін айтарлықтай жеделдетуге мүмкіндік береді. LiDAR және mmWave-радарын пайдалану арқылы жолдың беткі қабаты сканерленіп, тегіс емес жерлер мен зақымданулар нақты уақыт режимінде тіркеледі.

Деректерді жинау процесі барынша автоматтандырылған. Оператор ұшу аймағын белгілегеннен кейін дрон маршрутты өздігінен құрастырады. Жүйе O4 Enterprise Enhanced деректерді беру технологиясымен жабдықталған, бұл тұрақты байланысты және заманауи бағдарламалық қамтамасыз етумен, соның ішінде жасанды интеллект элементтерімен тиімді жұмыс істеуді қамтамасыз етеді. Интеллектуалды анықтау, көрінетін және жылу арқылы түсірілім жасау, сондай-ақ AR-визуализация функциялары қолжетімді. Бұл күрделі метеорологиялық жағдайларда және көру мүмкіндігі төмен кезде де тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Фото: Көлік министрлігі

Сонымен қатар, дрон қатты жел жағдайларына бейімделген, бұл ашық дала өңірлері үшін аса маңызды.

Осындай технологияларды енгізу жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және автомобиль жолдарының сапасын жақсарту үшін стратегиялық маңызды қадам ретінде қарастырылады. Ерте диагностика ақауларды қауіпті деңгейге жетпей тұрып жоюға мүмкіндік береді.

Қазіргі уақытта бұл технологияны автожолдардың жай-күйін кешенді диагностикалау үшін қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Ол ақауларды автоматты түрде анықтап қана қоймай, олардың көлемін де дәл бағалауға мүмкіндік береді.

Айта кетелік Премьер-министр жол сапасын бақылау үшін ЖИ енгізу қажет екенін айтып,  цифрлық платформа әзірлеуді тапсырған еді