***
«Егемен Қазақстан» газетінде Энергетика вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің «Қазақстанның атом энергетикасы: Қазба ураннан АЭС-ке дейінгі толық цикл» атты көлемді мақаласы берілген. «Қазіргі уақытта әлемде жиынтық қуаты 378 ГВт-қа (эл.) жуық 437 атом реакторы жұмыс істейді. Сонымен қатар, негізінен Азия өңірінде - Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея, Түркия, БАӘ және т.б. елдерде 67 блок салынуда. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) болжамы бойынша, болашақта 2030 жылға қарай әлемде атом қуатының көлемі 2 есе артпақ және 700 ГВт-дан асып түспек. Атом стансаларын кезең-кезеңмен жабуды жүзеге асырып, оларды алмастыруды іздестіріп жатқан елдердің өзінде ядролық энергетика ұлттық энергетикалық стратегияның құрамдас бөлігі болып қала береді. Атом энергиясы көмірқышқыл газының шығарындыларын азайту жөніндегі ірі ауқымды шараларды іске асыру бойынша аздаған мүмкіндіктердің бірін береді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы электр энергиясы өндірісінің басым бөлігі органикалық отын жағатын электр стансаларында шоғырландырылған, бұл - белгіленген қуаттың 87%-ға жуығы. Бұл ретте Қазақстанда электр энергетикасының қазіргі негізін көмірмен жұмыс істейтін ЖЭС құрайды, олар 74 %-ға жуық электр энергиясын өндіреді»,-делінген мақалада.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Қазақстандағы ең ірі әуетасымалдаушы компания - «Эйр Астана» акционерлік қоғамы «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің ресми серіктесі атанды. Бұл туралы «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы мен «Эйр Астана» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою барысында айтылды. Осы құжатқа сәйкес «Эйр Астана» «ЭКСПО-2017 көрмесінің ресми авиатасымалдаушысы мәртебесіне ие болып отыр. Маңызды құжатқа қол қою рәсімінде сөз алған «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқарма төрағасы Ахметжан Есімов «Эйр Астана» компаниясымен серіктестік өз нәтижесін беретіндігіне сенім білдірді. «Эйр Астана» - Қазақстандағы ең ірі әуетасымалдаушы компания және бүгін қол қойылған меморандум біздің ынтымақтастығымыз аясында жасалған алғашқы қадамға айналды. Компанияның әуе жолдары көмегімен осындай ірі ұлттық жобаны бүкіл әлемде ілгерілетуге мүмкіндік пайда болып отыр. Біздiң «Эйр Астана» ұшақтарында ЭКСПО-2017 логотипі орналастырылатын болады. Сонымен қатар компания басшылығымен көрмені ілгерілетуге арналған бірлескен іс-жоспар әзірлейміз, бұл жалпы ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық алаңдағы имиджіне жемісті ықпал етері анық» деді Ахметжан Есімов. Осы жайында «Эйр Астана» Экспо - 2017 көрмесінің ресми серіктесі атанды» деген мақалада толық берілген.
Осы басылымда «Елде екі жыл еңбек етіп, «Болашаққа» барады» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. «Келер жылдан бастап, «Болашақ» бағдарламасына қатысатын үміткерлердің барлық санаты үшін қажетті жұмыс өтілі арттырылатын болады. Бірқатар санаттарға бүгінде 1 жыл жұмыс өтілі талап етіледі. Ал келесі жылдан бастап, «Болашақ» бағдарламасына түсу үшін қажетті жұмыс өтілі 2 жылды құрайтын болады». Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов мәлімдеді. Ғани Нығметовтің сөзіне қарағанда, өткен жылдан бері «Болашақ» стипендиясына үміткерлермен сұхбаттасу үшін тәуелсіз эксперттік комиссия жасалған. Оның құрамына барлық орталық мемлекеттік органдардың, академиялық орталық және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірген. Ағымдағы жылы комиссия құрамы «Бәйтерек» холдингі өкілдерімен толықтырылды. Алдағы уақытта комиссия құрамына бизнес-құрылым мен қоғам өкілдері кіретін болады. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығметов сонымен қатар «Болашақ» бағдарламасына қатысушыларға ағылшын тілін білу талабы күшейтілетінін айтты.
***
«Экспресс-К» газетінің бүгінгі санында « Спасибо за закупку » атты материал жарияланды. Қарағандыда интернет-алаяқтардың тобы құрықталды. Олар Алматының және Қарағанды, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының мәдениет мекемелері мен аудандық әкімдіктерін, мектептерін 29 млн. теңгеге алдап кеткен. Алаяқтар салық органдарында жеке кәсіпкер және шаруашылық субъекті ретінде тіркеліп отырған. Олар барша Қазақстан бойынша мемлекеттік сатып алуларға қатысқан екен. Осы орайда тауарлар мен қызметтерге ең төменгі бағаларды ұсынып келген. Ал 30 пайыздық алдын ала төлемді алғаннан кейін, дереу байланыстырын үзіп отырған көрінеді. Бұл қылмыстық әрекетті олар екі жыл бойы пайдаланған. Осы орайда ірі көлемде бюджеттік қаржыны жымқырудың 43 фактісі анықталды.