Елде экологиялық таза металлургияны дамыту жолға қойылмақ

Фото: Qarmet

АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет өнеркәсіп саласын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі ретінде экологиялық таза металлургияны дамытуды атады.

Бұл — ыстық брикеттелген темір өндірісі мысалындағы жаңа буын металлургиясы.

Атап айтқанда, Қостанай облысында осы бағытта ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы Primetals Technologies Austria GmbH (Австрия) және Midrex Technologies Inc. (АҚШ) консорциумымен стратегиялық келісімшарт жасасып, Рудныйда ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт құрылысының келесі кезеңіне кірісті.

Жылына 2 млн тонна ыстық брикеттелген темір өндіретін кәсіпорын Орталық Азиядағы жаңа, ең ірі металлургия нысандарының бірі болмақ. Өндіріс MIDREX Flex тікелей темірді тотықсыздандыру технологиясы негізінде жұмыс істейді. Бұл технология дәстүрлі домна әдістерімен салыстырғанда көміртек ізін 50%-дан астам азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 650 млрд теңгеден асады, ал оны іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан терең өңделген, бәсекеге қабілетті өнім өндіре отырып, болат өндірісі бойынша әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік алады және экологиялық технологияларды отандық өнеркәсіпке енгізудің үлгісі болмақ.

Айта кетейік, бұған дейін металлургия саласы цифрландырылып жатқанын жаздық.