Елде ең көп шығарылып жатқан көліктердің тізімі белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстанда 166 590 бірлік автокөлік құрыстырылды. Бұл былтырғы осы кезеңмен (123 769) салыстырғанда 34,6% артық.

Фото: energyprom.kz

Атап айтқанда, қазанда елдегі кәсіпорындар 19 795 техника шығарды, бұл 2025 жылғы қазандағыдан 37,5 пайызға көп, бірақ биылғы қыркүйектегіден 3 пайызға аз.

- Он ай қорытындысы бойынша Allur («СарыарқаАвтоПром») зауыты 64 310 техника шығарды. Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan 47 464 автокөлік, Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорны – 29 191, Kia Qazaqstan 15 227 автокөлік құрастырды, - деп аталып өткен Қазақстанның автокөлік одағы мәліметінде.

Одан бөлек, он айда СемАЗ» – 2 516 көлік, QazTehna – 2 229, Hyundai Trans Auto – 1 129, «КАМАЗ-Инжиниринг» – 871, Orbis Machinery – 457, Daewoo Bus Kazakhstan – 426, «Уральскагрореммаш» 165 техника жасады.

2026 жылғы он айда Қазақстандағы кәсіпорындар:

- 155 266 жеңіл автокөлік (+38,7%);

- 2 158 автобус (+5,3%);

- 5 482 жүк автокөлігі (-11,1%);

- 704 арнаулы техника (+15,4%);

- 2 980 тіркеме мен жартылай тіркеме шығарды.

Модельдер қатарында Chevrolet Cobalt (31 629 көлік), Hyundai Tucson (11 239), Kia Sportage (7 922), Hyundai Mufasa (7 526) және Changan CS35 Max (5 655) көш басында келеді.

Бұған дейін хабарланғандай, Қазақстанда электромобильді сатып алу қарқыны артты.