Елде ең көп жұмыспен қамтылғандар сауда және білім беру салаларында
АСТАНА.KAZINFORM — Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (17%), білім беру (13,4%), өнеркәсіп (12,5%) және ауыл шаруашылығы (10,3%) салаларында байқалды.
— 2025 жылдың I тоқсанында республика экономикасының түрлі салаларында 9 283,5 мың адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 7 141 мыңы (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,9%) жалдамалы қызметкер болса, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар — 2 142,5 мың адам (экономикада жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 23,1%), — делінген Ұлттық статистика бюросы хабарламасында.
2024 жылғы I тоқсанмен салыстырғанда жалпы жұмыспен қамтылғандар 116,2 мың адамға өсті, негізінен жалдамалы қызметкерлер есебінен.
Жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі сауда (17%), білім беру (13,4%), өнеркәсіп (12,5%) және ауыл шаруашылығы (10,3%) салаларында байқалды.
— Жас құрамы бойынша жұмыспен қамтылған халықтың негізгі үлесі 35-44 жас аралығында, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 28%. Жұмыспен қамтылғандардың тағы 40% 29-34 және 45-54 жас санаттарындағы жұмысшылар, — делінген хабарламада.
Өңірлер бөлінісінде жалдамалы қызметкерлер саны Алматы қаласында ең көп — 985,8 мың адам, өз бетінше жұмыспен қамтылған қызметкерлер бойынша — Түркістан және Алматы облыстары, тиісінше 378,2 мың және 233,7 мың адамнан.
Айта кетелік Қазақстан жұмысшы кадрларды даярлауда әлемдік деңгейге шықты.