Елде инсульт орталықтарының желісі кеңейді - Әлназарова

АСТАНА. KAZINFORM – Оңалту қызметінің сапасын жақсарту бағытында стандарттар жаңартылды. Бұл туралы Үкімет отырысында инклюзивті саясатты жүзеге асыру шараларын талқылау кезінде Денсаулық сақтау министрі  Ақмарал Әлназарова мәлім етті.

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

- Елімізде инсульт орталықтарының желісі қарқынды дамып келеді. Қазіргі уақытта заманауи жабдықталған 85 орталық қажеттілікті толық қамтиды. Инфаркт кезінде уақыт жоғалтпай «алтын сағат» қағидатын ұстануға мүмкіндік беретін 48 коронография орталығы жұмыс істеп тұр. Осындай орталықтар Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Ауылдық медицинаны жаңғырту» Ұлттық жобасы аясындағы 32 ауданаралық аурухананың жанында да ашылып жатыр (11 инсульттік, 7 коронография орталықтары), - деді А.Әлназарова.

Оның айтуынша, еліміздегі ауруханалардағы 98 мың төсек орынның 12 мыңы тек оңалтуға арналған, бұл жалпы қордың 13%-ы. Оңалту қызметінің сапасын жақсарту бағытында оңалту стандарттары жаңартылып, клиникаларға қойылатын талаптар күшейтілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл инклюзивті жұмыспен қамту мүмкіндігі кеңейтіледі.