Елде интернеттегі заңсыз контентті анықтау тәртібі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Ақпараттық кеңістікте құқыққа қайшы контентті анықтау және оны бұғаттау шараларын қабылдау мақсатында мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға ұсынылды.
Құжатты Қаржылық мониторинг агенттігі «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңға сәйкес әзірлеген.
Жобаға сәйкес, қағидалар уәкілетті органның құзыреті шегінде ақпараттық кеңістікке, оның ішінде интернет желісіне мониторинг жүргізу тәртібін айқындайды. Сондай-ақ құжатта мониторинг жүргізу барысында құқыққа қайшы контентті анықтау және оның интернет желісіндегі қолжетімділігін шектеу (бұғаттау) бойынша шаралар қабылдау көзделген.
Аталған іс-шараларды жүзеге асыру мерзімі нормативтік құқықтық акт қолданысқа енгізілген сәттен бастап жүзеге асырылады.
Айта кетейік, онлайн-платформа өкілдіктеріне құқыққа қайшы контентті жою жөніндегі уәкілетті органның нұсқамаларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.
Сонымен қатар Үкімет балаларды зиянды контенттен қорғау мақсатында әлеуметтік желілерге жасына қарай шектеу енгізу мәселесін талқылап жатыр. Оған қоса былтыр 34 мыңнан астам зиянды контент жабылғанын жазғанбыз.
Сондай-ақ, жасөспірімдерді зиянды контенттен қорғаудағы жаһандық тәжірибе және Қазақстанның ұстанымы жайлы сілтеме арқылы оқи аласыз.