- Жүрек-қантамыр ауруларының алдын алу мен емдеу – адам өмірін сақтаудың маңызды шарты. Бұл мәселе халықтың өмір сүру ұзақтығы мен сапасына да тікелей әсер етеді. Сондықтан дамыған елдер ауруды ерте анықтауға, тиімді емдеуге және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға басымдық береді. 2026 жылдың басындағы мәліметке қарағанда, қан айналым жүйесі аурулары бар 1,9 млн пациент медициналық бақылауда тұрған. Бұл ересек тұрғындардың 14,4 пайызына тең. Оның ішінде 114 мың жағдай алғаш рет анықталған. Сонымен қатар пациенттердің 90 пайызы амбулаториялық деңгейде ем қабылдайды. Дегенмен, алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде бірқатар өзекті мәселе бар, - деді Жұлдыз Данбаева Денсаулық сақтау министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, кардиологиялық қызметті дамытуда кадр тапшылығы да өзекті мәселе болып отыр. Қажеттілік 4 014 маманды құрағанымен, іс жүзінде елімізде 661 маман ғана жұмыс істейді. Материалдық-техникалық базаны да жаңарту қажет. Медициналық жабдықтардың тозуы шамамен 40 пайызды құрайды. Ал алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында бастапқы кардиодиагностикаға қажетті жабдықтар толық емес.
- Скринингтің қамту ауқымы да шектеулі. Қолданыстағы жүйе 30 жастан асқан азаматтар мен жекелеген топтарды ғана қамтиды. Бұл аурудың қаупін ерте анықтауды төмендетеді. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету де толық шешілмеген. Амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету қажеттіліктің 40-50 пайызын ғана өтейді. Жеткізудегі іркілістер салдарынан препараттар жылына 8-10 ай ғана қолжетімді болып, емнің үздіксіздігіне нұқсан келеді. Ал жүрек-қантамыр ауруларын тиімді бақылау үшін дәріні тұрақты қабылдау аса маңызды, - деді депутат.
Осыған байланысты «Әділет» партиясы фракциясы министрлікке мынадай ұсыныстарды енгізді:
- Ірі алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдары базасында әр 150 мың тұрғынға бір инвазивті емес диагностика орталығын құруды және терапевтер мен жалпы практика дәрігерлерін қайта даярлауды;
- 18 жастан бастап халықты скринингтен өткізуге арналған жасанды интеллект бағдарламаларын және пациенттердің жағдайын қашықтан мониторингтеу жүйесін енгізуді;
- Кардиологиялық қызметті жаңғырту, кадрлық әлеуетті арттыру және медициналық көмектің қолжетімділігін жақсарту мақсатында кешенді трансформация бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
Айта каетейік, жүрек-қан тамырлары ауруларын, қант диабетін және глаукоманы анықтауға арналған скринингтен 40–76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет өтеді.