Елде қандай автокөлік бөлшектері өндіріледі

АСТАНА. KAZINFORM – Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев автокөлік бөлшектерін елімізде өндіру жұмыстары қалай жүріп жатқанын мәлімдеді.

Фото: freepik.com

– Локализация деңгейін арттырудың негізгі тетіктерінің бірі – автокомпоненттер өндірісін дамыту. Бүгінде бұл бағыт қарқынды дамып келеді. Отандық кәсіпорындар шиналар, қозғалтқыш бөлшектері, аккумуляторлар, автобусқа арналған металл бөлшектер, орындықтар және мультимедиялық жүйелер шығаруды игерді. Одан бөлек, бамперлер, электр сымдары, дөңгелек дискілері және лак-бояу материалдарын шығаратын жаңа жобалар іске асырылып жатыр, – деді ол.

Министрдің айтуынша, осы бағытты дамыту үшін машина жасау және көлік мәселелері бойынша заң қабылданып, онда «өнеркәсіптік кластер» ұғымы енгізілді.

– Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында жұмыс істейді. Аталған кластерлер аясында автокөлік өндірумен қатар, олар үшін қажетті компоненттер өндірісін дамыту, жаңа жеткізушілерді тартып, өндірістік тізбектерді қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін былтыр елімізде 171 400 автокөлік шығарылғанын жазғанбыз.