Елде қанша трактор бар

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елде ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару деңгейі 8% болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов мәлім етті.

Фото: Үкімет

- Егіс науқанын сапалы жүргізуде ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы мен дизель отынымен қамтамасыз ету маңызды. Қазіргі кезде техника егіс жұмыстарын жүргізуге толық дайын. Жалпы ауыл шаруашылығы құрылымдарында: 133,9 мың трактор, 5,6 мыңға жуық жоғары өнімді егіс кешені, 71,4 мың сепкіш, 188,5 мың топырақ өңдеу құралы бар. Одан бөлек техниканы жөндейтін 70 сервистік орталық жұмыс істейді. Мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесінде, 2025 жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңару деңгейі 6,5%-ға жетті. Осы жылға жоспарланған көрсеткіш - 8%, - деді А.Сұлтанов.

Оның айтуынша, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейі 10%-ға төмендеді. Осы орайда мемлекеттік қолдау шаралары ең алдымен отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Мысалы, отандық техниканы сатып алу кезінде субсидия 30%-ды құраса, импорттық техникаға

15-25% көлемінде беріледі. Сондай-ақ жеңілдетілген лизинг бағдарламасында отандық техникаға басымдық беріледі.

- Осы шаралар отандық машина жасау саласының дамуына оң әсерін тигізді - бір жылдың ішінде ауыл шаруашылығы техникасын өндіру көлемі 22%-ға артты. Биыл өндіріс көлемін 9,9 мың техникаға жеткізу, яғни тағы 6%-ға ұлғайту жоспарланған. Бұдан бөлек, Қазақстан нарығына CLAAS, John Deere, Amazone сияқты әлемдік өндірушілер мен олардың серіктестері келіп жатыр. Ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңаруы егіс жұмыстарын оңтайлы агротехникалық мерзімдерде жоғары өнімділікпен жүргізуге, сондай-ақ егіс сапасы мен біркелкілігін арттыруға мүмкіндік береді, - деді вице-министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары көрші елдермен бірлесе жүзеге асатынын айтты.