Елде картоп, қырыққабат және пияз бағасы арзандады

АСТАНА. KAZINFORM – 12 тамыздағы жағдай бойынша, есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді.

Фото: Астана әкімдігі

— Апта ішінде картоптың бағасы (-4,2%), қырыққабат (-1,2%), алма (-1,1%), пияз бен сәбіз (-1%) арзандады. Сондай-ақ қатты және жартылай қатты ірімшіктің бағасы (-0,3%), майлылығы 5-9% сүзбе және тұз (-0,2%), бірінші сұрыпты бидай ұны мен қаймақ (-0,1%) төмендеді, — делінген Ұлттық статистика хабарламасында.

Бірінші сұрыпты ұннан пісірілген бидай наны, макарон өнімдері, сүйекті сиыр еті, сүйексіз сиыр еті, жылқы еті, майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі пастерленген, ультрапастерленген және стерильденген сүт, жұмыртқа және сары майдың бағасы есепті аптада өзгеріссіз қалды. 

— Өңірлік бөліністе еліміздің бірқатар қаласында дефляциялық динамика байқалды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы бағасы бір апта ішінде Талдықорғанда (-0,7%), Ақтау мен Жезқазғанда (әрқайсысы -0,4%), Петропавлда (-0,3%), Астанада (-0,2%), Қарағанды, Қостанай, Орал, Өскемен және Павлодар қалаларында (-0,1%) төмендеді. Алматы, Түркістан, Ақтөбе, Семей және Тараз қалаларында баға алдыңғы апта деңгейінде сақталды, — делінген хабарламада. 

Республика бойынша картоптың орташа бағасы келісіне 259 теңге, ал ең төмен баға Павлодарда тіркелді — келісіне 191 теңге.

Қырыққабаттың республика бойынша орташа бағасы килограмына 189 теңге болды. Ең төмен баға Түркістанда — 142 теңге, Таразда — 152 теңге деңгейінде тіркелді. 

Алманың орташа бағасы келісіне 797 теңге. Ең төмен баға Шымкентте тіркелді — 639 теңге. 

Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы келісіне 3 779 теңгені, тауық етінің бағасы 1 736 теңге.

Айта кетелік Қазақстанда азық-түлік өндірісі 14,7%-ға артты