- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Алдыңғы мораторийдің барлық оң және теріс тұстарын ескере отырып, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезекті үш жылдық мораторий енгізудің орындылығын Құрылтай депутаттарына Үкіметпен бірлесіп талқылауды ұсынамын» деді. Бастама кәсіпкердің алаңсыз жұмыс атқарып, қарқынды дамуына ықпал етері анық. Бірақ әр кәсіпкер кезекті мораторийді күтпей, адал жұмыс атқару әдетін қалыптастыруы керек. Біздің ортақ мақсатымыз – мемлекет пен бизнес арасындағы әділ, түсінікті, ашық әрі тиімді ережелерді қалыптастыру. Өзара сенім мен жауапкершілікке негізделген жүйе құрылғанда ғана тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болады. Кәсіпкерлікті ел экономикасының басты драйвері дейміз. Алайда кәсіпкерлерді қызмет саласына қарай 20-дан астам мемлекеттік орган тексереді екен. Соңғы 3 жылда 155 899 тексеріс жүргізіліп, олардың нәтижесінде миллиондаған айыппұл салынған. Ал бақылаушы органдардың жұртшылыққа жетістік ретінде ұсынатын негізгі көрсеткіштері — жүргізілген тексерістер мен салынған айыппұлдардың саны. Бұл ойландыратын үрдіс, - деді Бекжан Айтқұлов Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтің атына жолдаған депутаттық сауалында.
Осы орайда ол орта және ірі бизнес субъектілерін тексеру мен мемлекеттік бақылау жүргізудің тиімділігін талдап, бақылаушы органдардың қызметін бағалауды қайта қарауды ұсынды.
- Осыған байланысты өнеркәсіп кәсіпорындарында жабдықтарды жаңартуға, зиянды шығарындылар көлемін азайтуға, апаттардың алдын алуға және жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға тікелей қатысты шараларды қарастыруды сұраймын. Біріншіден, кәсіпкерлікті тексеру, мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру тәртібін реттейтін заңнамалық актілерді қайта қарап, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек. Екіншіден, бақылаушы мемлекеттік органдардың жұмысын бағалау көрсеткіштерін өзгерту маңызды. Айыппұлдар сомасы, хаттамалар саны инспекциялардың жұмысын бағалау өлшемі болмауы керек. Үшіншіден, кәсіпкерлер мен мемлекеттік инспекторлар арасында ерікті серіктестік моделін енгізу маңызды. Кәсіпорын өз бастамасымен мемлекеттік органды аудит жүргізуге және кеңес алуға шақыра алатын құқықтық тетік керек. Кемшіліктер анықталған жағдайда, бірден жазалау шараларын қолданбай, оларды іс жүзінде түзету үшін 3–5 жылға арналған бірлескен жол картасын бекіту тиімді, - деді депутат.
Айта кетейік, Қазақстан халқына Жолдауын жариялау кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлікке кедергі келтірмеу мәселелері жөнінде мәлімдеді.