Елде қауіпті жұмыстарда жүрген адамдардың саны белгілі болды

АСТАНА. KAZINFORM — 480 мыңға жуық адам еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейді. Бұл туралы Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлім етті.

Фото:ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

- Бүгінде Қазақстанда еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлер саны - 479 мың. Экономика салалары бойынша зиянды және қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлердің 61% өнеркәсіп саласына еңбек етуде (өңдеуші өнеркәсіпте – 122 мың адам, тау-кен өнеркәсібінде – 173 мың адам). Электр энергиясы, газбен жабдықтау саласында 40 мың жұмыскер жұмыс істейді. Бұл еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдардың жалпы санының 8,5 пайызын құрады, - деді А. Ертаев.

Оның айтуынша, өңірлер бойынша зиянды жұмыстарда істейтін жұмысшылардың басым бөлігі Қарағанды облысында – 84 мың адам, Павлодар облысында – 57 мың, Маңғыстау облысында – 43 мың және Шығыс Қазақстан облысында – 43 мың адам.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Қазақстанда жұмысшыларды сүтпен және емдік-профилактикалық тағаммен қамтамасыз ету қағидаларына өзгерістер енгізіледі.