Елде кейбір жобаларды қаржыландыру көлемі асыра көрсетілген — аудит
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік қолдау шараларын алатын кәсіпкерлерге қарсы міндеттемелер белгіленуі тиіс. Бұл туралы кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттік қолдаудың тиімділігіне жүргізілетін аудит бойынша есепті жариялау кезінде Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов айтты.
— Аудиттің бағалауынша, жекелеген жобалар бойынша қаржыландыру көлемі асыра көрсетілген. Шығыс жеңілдікпен берілетін кредиттің мақұлданған сомасына сәйкес келтірілген. Құқықтық тұрғыдан қарасақ, талап етілетін жобалық құжаттама бар, кредиттер өтеліп жатыр. Алайда артық қаражат басқа жобаларға бағытталуы мүмкін еді. Құнын дұрыс есептемеу салдарынан тек бір жоба бойынша 20 млрд теңге немесе қарыз сомасының 16 пайызы игерілмей, күші жойылған. Мемлекеттік қолдау көрсетілген кезеңде кейбір бизнес субъектілері меншік иелеріне дивидендтер төлеген жағдайлар анықталды. Бұған шектеу қарастырылмаған. Дегенмен мемлекеттік қолдау сомасынан асатын мөлшерде дивидендтердің төленуі алаңдатады, — деді Әлихан Смайылов Мәжілістің жалпы отырысында.
Оның айтуынша, жобаларды қаржыландыру кезінде қаражатты түпкілікті алушыларға дейін жеткізудің ұзақ уақытқа созылуы деректері болған. Мемлекеттік қолдау шараларын алушылар үшін қарсы міндеттемелер белгіленуі тиіс. Олар орындалмаған жағдайда, қаражат қайтарылуы қажет. Алайда мұндай міндеттемелер барлық жерде көзделмеген.
— Мәселен, Павлодарда іс жүзінде жоқ зауытқа 2,4 млрд теңгеге инженерлік желілер тартылған. Жекелеген жағдайларда оңай орындалатын қарсы міндеттемелер белгіленген. Мысалы, 37 млрд теңгеге қолдау көрсетілген бір жоба бойынша салықтардың өсуінен бөлек, жұмыскерлер штатын 1 адамға ғана ұлғайту талап етілген. Қарсы міндеттемелердің орындалуын бақылау көбіне қолма-қол тәртіпте жүргізіледі. Бұл өз кезегінде қарсы міндеттемелерді орындау бойынша деректерді манипуляциялауға мүмкіндік береді. Операторлардың көпшілігінің қызметінде міндеттемелерді сақтамағаны үшін айыппұл санкцияларын қолдануда субъективті көзқарас басым, — деді ЖАП басшысы.
Бұған дейін хабарланғандай, Жоғары аудиторлық палата бизнесті қолдау тетіктерінің кемшілігін атады.