Интерактивті қылмыс картасы туралы не білеміз
АСТАНА. KAZINFORM — Бас прокуратура ұсынған ArcGIS платформасындағы интерактивті қылмыс картасы — елдегі құқық бұзу деңгейін нақты әрі шынайы бейнелейтін маңызды құрал. Бұл жүйе арқылы 2024 жылы тіркелген қылмыстардың көлемі, түрлері, географиялық таралуы және динамикасы жайлы кешенді мәліметтер алуға болады. Бұл зерттеуде біз тек аталған сайттағы ресми деректерді негізге ала отырып, 2024 жылғы Қазақстандағы қылмыс ахуалына толыққанды талдау жүргіземіз.
Жалпы қылмыс саны және динамикасы
2024 жылы республика бойынша тіркелген жалпы қылмыстар саны 2023 жылмен салыстырғанда аздап төмендеген. Қылмыс түрлерінің едәуір бөлігі меншікке қарсы бағытталған әрекеттерге тиесілі. Ұрлық, алаяқтық және тонау сипаттарында. Қылмыстың жалпы саны ай сайын өзгеріп отырса да, белгілі бір өңірлерде тұрақты өсім байқалады.
Қылмысты түрлері мен ауырлығы бойынша бірнеше топқа бөлуге болады:
Алаяқтық — ең көп тіркелетін қылмыс түрі. Қоғамдағы цифрландырудың артуына байланысты онлайн алаяқтық оқиғалары көбейген.
Ұрлық — соның ішінде көлік, тұрғын үй, телефон ұрлығы әлі де өзекті.
Есірткімен байланысты құқық бұзушылықтар — тұрақты бақылауда, алайда кейбір өңірлерде өсім байқалады.
Бұзақылық, тонау және зорлық — саны салыстырмалы түрде аз, бірақ ауыр зардаптары болғандықтан ерекше назарда.
Адам өлтіру мен жыныстық сипаттағы қылмыстар — аз мөлшерде тіркелсе де, әлеуметтік резонанс тудырады.
— Қазақстандағы қылмыс саны біз ойлағандай жоғары деңгейде емес. Біз бұны кейде әр жыл сайын, кейде 5 жыл сайын қорытындылап жатамыз. 10 жылдық динамиканы алып қараймыз. Сондықтан, динамикалық тұрғыда сараптайтын болсақ, жалпы қоғамға қауіпті қылмыстар саны азайып келе жатыр. Кейбір цифраларды қарасақ көбейгендей болуы мүмкін. Ол жалпы халық санының өсуімен де байланысты. Сонымен қатар, бір кездері сырттан көп адам кірді. Сол кезде олардың тарапынан да біршама деректер тіркелді. Жалпы айтқанда қазіргі динамика қылмыстың азайғандығын көрсетеді, — дейді Парламент мәжілісінің депутаты Абзал Құспан.
Өңірлердегі ахуал
Интерактивті карта бойынша ең жоғары қылмыс деңгейі келесі аймақтарда тіркелген.
Алматы қаласы — абсолютті көшбасшы. Қылмыстың көп тіркелуі халық тығыздығы мен урбанизация деңгейіне байланысты. Астана қаласы — екінші орында, алаяқтық пен ұрлық жиі кездеседі. Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстары — статистикалық тұрғыда тұрақты жоғары көрсеткіштерге ие. Ал ең төмен көрсеткіштер Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау және Түркістан облыстарында байқалады.
Айта кетейік, жыл бойына қылмыс динамикасы біркелкі емес. Нақтыласақ, қылмыс саны қыс айларында біршама азаяды, бұл ауа райы мен адамдардың сыртқа жиі шықпауымен байланысты. Жаз мезгілінде — әсіресе шілде мен тамызда — қылмыс санының көтерілуі байқалады, бұл кезеңде қоғамдық іс-шаралар, туризм және бос уақыт белсенділігі артады. Бұны жоғарыда атап өткен ArcGIS платформасындағы интерактивті қылмыс картасынан аңғаруға болады.
Сайттағы деректер негізінде ашылған қылмыстар үлесі де әр өңірде әртүрлі. Мысалы, кейбір облыстарда тергеліп жатқан қылмыстар көп, бұл кадр тапшылығы немесе ұйымдастырушылық қиындықтарға байланысты болуы мүмкін.
Қылмыстың ашылу деңгейі алаяқтық пен ұрлықта төмендеу, өйткені көп жағдайда айғақтар мен куәгерлер болмауы кедергі келтіреді.
— Негізі қоғамдық қауіпсіздік мәселесінде Қазақстан әлемде жақсы орындардың қатарында. Оның негізгі себептерінің бірі ретінде біз өзіміз көп жағдайда қарсы шығып жататын бейнекамераларды айтуға болады. Бейне бақылау камералары кәдімгідей қылмыстың аз жасалуына, жасалған жағдайда тікелей себепкер болады, — дейді депутат.
Интерактивті карта азаматтарға өз аудандарындағы жағдайды бақылауға, қауіпті аймақтардан хабардар болуға мүмкіндік береді. Бұл тек құқық қорғау органдарының емес, тұрғындардың да қауіпсіздік мәдениетін арттыруға үлес қосады.
Интерактивті қылмыс картасын халық білуі керек
Парламент мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан мұндай сайттың жүйелі жұмыс жасап тұрғаны халық үшін де пайдалы дейді. Себебі, қазір қоғам қағаз сөйлеген заманнан арылып келеді. Барлығы сандық форматта. Сондықтан мұндай сайттың ашықтығы, әрі кез-келген тұрғын үшін қолжетімділігі көңіл қуантады деген пікірде.
— Негізі шетелде азаматтар пәтер сатып алатын кезде осындай сайттардың көмегіне жүгінеді. Мына жер әлдеқайда қауіпсіздеу деп. Енді сіз бала-шағаңыздың, отбасыңыздың қауіпсіз аймақта өмір сүргенін қалайсыз ғой?! Ал, бізде осыны көп халық біле бермейді. Бірақ, осы заң саласында істеген, немесе соның айналасында жүрген азаматтар ғана хабардар. Тіпті сонау КСРО кезінде мына бір аудан криминалдық аудан, мына бір аудан тыныш аудан деген халықтың арасында түсінік болды. Қазір осының барлығын біз сайт арқылы көруге мүмкіндігіміз бар. 100 пайыз деп айту қиындау. Бірақ, негізгі жалпы ақпараттарды көруге болады. Мен өз басым мұндай қылмыс картасы көрсетілген сайтқа үлкен сеніммен қараймын. Сондықтан бұл туралы дүйім жұрт білуі керек, — деп пікір білдірді Абзал Құспан.
Қорытындылай келе 2024 жылғы Қазақстандағы қылмыс жағдайы төмендеу көрінгенімен, алаяқтық пен интернет арқылы жасалатын құқық бұзушылықтар өзекті болып отырғанын аңғаруға болады. Құқық қорғау органдарына қоса, қоғамның да белсенді қатысуы арқылы ғана қылмыс деңгейі азаяры сөзсіз.
Қылмыс картасының интерактивтілігі — заманауи технологияны құқықтық тәртіпті нығайту жолында тиімді пайдаланудың нақты мысалы. Бұл құрал болашақта да қауіпсіздікті қамтамасыз етуде басты элементтердің бірі бола бермек.