Елде құрылыс нысандарын инженерлік желілерден ажыратудың жаңа тәртібі бекітілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда құрылыс нысандарын инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату тәртібін айқындайтын жаңа қағидалар бекітілді. Тиісті бұйрыққа 2026 жылғы 19 маусымда Өнеркәсіп және құрылыс министрі қол қойды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Фото: Алматы әкімдігі

Құжатқа сәйкес, құрылыс нысанын инженерлік желілерден ажырату алдында оған тиісті коммуналдық ресурстарды беру тоқтатылады. Желілерді пайдаланушы ұйымдар өтініш келіп түскен күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей ажырату шарттарын беруге міндетті.

Нысанды бұзу мақсатында инженерлік желілерден ажырату меншік иесінің шешімі негізінде немесе заңнамада көзделген жағдайларда заңды күшіне енген сот шешімі не жергілікті атқарушы органның шешімі негізінде жүзеге асырылады.

Жоюға жататын нысандар тізбесіне енгізілген ғимараттарды бұзуға елді мекендерді дамыту және құрылысын салу жөніндегі қала құрылысы жобалары негіз болады.

Ажырату шарттарын алу үшін мердігер ұйым, уәкілетті мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган инженерлік желілерді пайдаланушы ұйымға тиісті өтініш жолдайды. Өтініште ажыратуды бастамашы тұлға туралы мәліметтер, нысанның орналасқан жері, инженерлік желілердің түрлері, ажыратудың жоспарланған күні, сондай-ақ бұзуға негіз болған шешімдердің деректемелері көрсетіледі.

Өтінішке өтініш берушінің өкілеттігін растайтын құжаттар, нысанға немесе жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар, сондай-ақ болған жағдайда сот шешімдерінің немесе жергілікті атқарушы органның бұзу туралы шешімдерінің көшірмелері қоса беріледі.

Инженерлік желілерді пайдаланушы ұйым ажырату шарттарын 10 жұмыс күні ішінде тегін беруге міндетті. Құжатта қосылу нүктесі, ажырату күні мен уақыты, орындалуға тиіс жұмыстардың тізбесі, оларды орындау мерзімі және жұмыстарды жүргізуге байланысты шығындарды өтеу туралы мәліметтер көрсетіледі.

Құрылыс нысанының инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажыратылғаны арнайы актімен расталады. Бұл актіге инженерлік желілерді пайдаланушы ұйым қол қояды. Актіде ажыратуды бастамашы тұлға туралы мәліметтер, орындалған жұмыстар және нысанның инженерлік желілерден нақты ажыратылған нүктесі көрсетіледі.

Аталған бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда электр энергиясы, су және жылу тарифтерін есептеу тәртібі өзгертілген болатын.