Елде мал бордақылау жұмыстары белсенді атқарыла бастағанда ғана бәсекеге қабілетті ет туралы айтуға болады - форум

АСТАНА. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ -«Өкінішке орай елімізде мал шаруашылығы саласының экспорттық әлеуеті әзірге жоғары деп айта алмаймыз.

Ең бастысы, бізге қазір осы саланы дамытуға бағытталған арнайы бағдарламаны іске қосу маңызды болып отыр», деді Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жауапты хатшысы Евгений Аман Астанада өтіп жатқан I Халықаралық мал шаруашылығы форумында.

Қазір елде бордақылау алаңдарын салудың маңызы зор. Олар тек енді ғана қолға алына бастады. Аталмыш нысандардың құрылысы аяқталып, елде жаппай әрі белсенді түрде бордақылау жұмыстары жолға қойылған соң ғана бәсекеге қабілетті ет өнімдерін шығару туралы әңгіме қозғауға болады. «Ал қазіргі қолдан сойылған малдың етін бәсекеге қабілетті деу қиын. Сондықтан технологиялық жағынан жетілген өнім шығару - бәсекеге қабілеттілікті арттыратын бірден бір жол», деді Е.Аман.

Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанға қазір ана елден келген немесе мына елден келген ет деп жатпай, нарықтағы бар еттің өзімен бәсекеге қаблетті болу керек. «Сонымен қатар бізге ішкі нарықты да етпен қамтамасыз ету қажеттігін естен шығармаған жөн. Бізге осы уақытта нарықты құс етімен толық қамтамасыз ету жағын да назарда ұстау қажет. Өйткені бүгінгі таңда ішкі нарық тек 40 пайызға ғана құс етімен қамтамасыз етілген. Сондықтан қазір елімізде салынып жатқан 5 құс өсіретін фабрика ішкі және сыртқы нарықтағы қажеттіліктерді қанағаттандырады деген үміт бар», деді Жауапты хатшы.