Елде маусым басталғалы 1,4 млн-нан астам ЖРВИ жағдайы тіркелді

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Соңғы аптада ЖРВИ жағдайларының саны 6,8%-ға азайған.

Фото: ДСМ

Ал эпидемиялық маусым басталғалы бері сырқаттанушылық өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 28,3%-ға төмен.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегі бойынша соңғы аптада елімізде ЖРВИ-дің 133 052 жағдайы тіркелген. Эпидемиялық маусым басталғалы бері жалпы 1 453 967 жағдай анықталған.

Республикадағы эпидемиологиялық жағдай күзгі кезеңге тән маусымдық деңгейге сәйкес келеді. Мамандар респираторлық вирустардың таралуы мен сырқаттанушылық деңгейіне апта сайын мониторинг жүргізуді жалғастырып жатыр.

1 қыркүйектен бастап зертханалық жолмен тұмаудың 297 жағдайы расталды. Оның 295-і – A(H1N1) вирусы, ал 2 жағдай – B типті тұмау. Басқа респираторлық вирустар арасында риновирустар, бокавирустар және аденовирустар басым анықталып жатыр.

Қазақстанда тұмауға қарсы 2 миллионнан астам адам вакцинациялаудан өтті. 2 065 649 адам вакцина алған, бұл жоспарланған қамтудың 93,9%-ын құрайды. Вакцина еліміздің барлық өңірінде қолжетімді.

Республикада инфекциялық аурулармен ауыратын пациенттерге медициналық көмек көрсету үшін 13 335 инфекциялық төсек-орын дайындалған. Қазіргі уақытта олардың 63%-ы, оның ішінде балаларға арналған төсек-орындардың 69,4%-ы қамтылған.

Айта кетелік күн суықта жалаңбас жүру қандай ауруларға шалдықтыруы мүмкін екендігі туралы жазған едік.