Елде майлау материалдары мен техникалық сұйықтықтарды міндетті таңбалау басталды

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстанда автомобильдерге арналған майлау материалдары, антифриздер және арнайы сұйықтықтарды міндетті таңбалау талаптары күшіне енді.

Фото: t.me/markirovkatovarov

Бірыңғай тауарларды таңбалау және қадағалау операторының мәліметінше, таңбалауға жататын өнімдердің тізімі кеңейтілді. Енді 2026 жылғы 1 қыркүйектен кейін өндіріліп, Қазақстан аумағында сатылатын тиісті тауарлардың барлығында таңбалау коды болуы керек.

Бұл талап отандық нарықты контрафактілік және жалған өнімдерден қорғауға, адал кәсіпкерлерді қолдауға, тауарлардың импорты мен сатылуын бақылауды күшейтуге және тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Майлау материалдарын міндетті таңбалау Қазақстанда кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бірінші кезең 2026 жылғы 1 ақпанда басталды. Осы күннен бастап өндірілген мотор майлары таңбалануға тиіс.

Екінші кезең 2026 жылғы 1 қыркүйектен басталып, СЭҚ ТН-нің 27, 34 және 38-топтарына жататын майлау материалдарының, антифриздер мен арнайы сұйықтықтардың кеңейтілген тізімін қамтиды.

Ал 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап осы санаттағы 2027 жылғы 1 ақпаннан кейін өндірілген тауарлардың бүкіл жеткізу тізбегі бойынша толық қадағалануы енгізіледі. Бұл өнімнің өндіруші немесе импорттаушыдан бастап бөлшек саудада сатылғанға дейінгі қозғалысын бақылауға мүмкіндік береді.

Майлау материалдары мен арнайы автомобиль сұйықтықтарын сататын барлық айналым қатысушылары, соның ішінде бөлшек сауда дүкендері, жанармай құю станциялары мен дилерлік орталықтар Тауарларды таңбалау және қадағалаудың цифрлық жүйесінде тіркелуі қажет.

Тіркеу Бірыңғай оператордың жүйесі арқылы жүргізіледі.

Осыған дейін 1 қыркүйектен бастап биологиялық белсенді қоспаларды міндетті цифрлық таңбалау енгізілетінін жазған едік.