Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті (МЖӘ) дамытудың тұжырымдамалық тәсілдері туралы баяндама жасаған ҚР Экономикалық даму және сауда министрі Бақытжан Сағынтаев айтты.
Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік институты мемлекет пен бизнес қарым-қатынасының үлгісі ретінде «Концессиялар туралы» Заң қабылданып, қажетті нормативтік-құқықтық база дайындалған 2006 жылдан бастап дами бастаған. Қазіргі кезде 6 концессия жүзеге асырылуда. Дегенмен министрдің айтуынша, соңғы жылдары МЖӘ-нің дамуы бірнеше себептер бойынша тежелуде.
«Біріншіден, МЖӘ жобаларының дайындығы мен жүзеге асырылуы 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысыпен тұспа-тұс келді. Бұл Қазақстандағы МЖӘ-нің дамуының жоспарын өзгертті. Атап айтқанда, ең алдымен автожол саласына әсер етті», - деді ол.
Б.Сағынтаевтың сөзіне қарағанда, еліміздің қолданыстағы заңнамасы әлемдік тәжірибеде пайдаланылатын МЖӘ келісімшарттарының түрлерін қолдануға мүмкіндік бермейді. Сонымен қатар оны қолдану саласы әлеуметтік салада және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында шектелген. Жобаларды дайындау мен жүзеге асыру процедурасы қиындатылған.
«Бұл экономиканың әлеуметтік маңызды секторына шетелдік және отандық инвестицияларды тартуға нұқсан келтіреді», - деді министр.