Елде мүгедектігі бар адамдардың оқуына қолайлы жағдай жасалып жатыр – депутат
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға қолайлы жағдай жасау жағынан оңтайлы жобалар жүзеге асып жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің BIZDIÑ ORTA подкастында Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков мәлім етті.
– Бүгінгі талқылаудың өзі қоғамның пікірін қалыптастыруға ықпал етеді. Қоғам пікірі ақпарат кеңінен тараған кезде жүзеге асады. Мәселен, аптаның әр сәрсенбісінде Парламент Мәжілісінде жалпы отырыс өтеді. Кем дегенде бір сұрақ немесе бір заң жобасы мүгедектігі бар адамдардың мәселесін қамтиды. Бұл жағдай қоғамның бетбұрысын өзгерте ме?! Әрине, өзгертеді, - деді Т. Серіков.
Оның айтуынша, осыдан 20-25 жыл бұрын мүгедектігі бар адамдардың мәселесі сирек көтеріліп жатты.
– Ал қазір кез келген БАҚ-та, әлеуметтік желілерде мүгедектігі бар адамдардың проблемасы жиі көтеріліп жатқанын байқап отырмыз. Қоғамда бар мәселе талқыланып жатыр. Екіншіден, қоғамның пікірін білім ошақтары қалыптастырады. Мектеп пен колледждерде, университеттерде мүгедектігі бар адамдарға білім алуға қолайлы жағдай жасалып келеді. Бұл тұрғыда университеттерде білім алуға барып жатқандары көбейді, яғни жоғары оқу орындарында барынша жағдай жасауға тырысып жатыр. Кейбір университеттерде қолдау орталықтары да ашылған немесе білім бағдарламаларын бейімдеген, - деді депутат.
Бұған дейін елімізде мүгедектігі бар адамдар құқығын қорғау күшейтілгенін жазған едік.