Енді нотариусты мүлік орналасқан жерден таңдау керек
Әділет министрлігінің хабарлауынша, сатып алу-сату, сыйға тарту, айырбастау, кепілге қою және жылжымайтын мүлікті иеліктен шығаруға байланысты өзге де мемлекеттік тіркеуге жататын мәмілелер енді мүлік орналасқан жердегі нотариус арқылы рәсімделеді.
Министрлік бұл өзгеріс жылжымайтын мүлікпен жасалатын мәмілелерді рәсімдеу тәртібін жүйелеуге, сондай-ақ мәмілені нотариаттық куәландыру мен құқықтарды мемлекеттік тіркеу арасындағы байланысты нақтылауға бағытталғанын атап өтті.
— Аумақтық қағидат жылжымайтын мүлік объектісі, мәмілені нотариаттық куәландыру және құқықтарды кейіннен мемлекеттік тіркеу арасындағы өзара байланысты нақты әрі жүйелі түрде қалыптастыруға мүмкіндік береді, — делінген министрлік хабарламасында.
Басқа қалада жүргендер не істейді?
Жаңа тәртіп азаматтардың басқа өңірде жүріп өз мүлкіне билік ету құқығын шектемейді.
Мысалы, пәтер Астанада орналасса, ал оның иесі Алматыда болса, ол өз атынан мәміле жасау үшін басқа адамға сенімхат бере алады. Бұл жағдайда өкілі Астанадағы нотариусқа барып, мәмілені рәсімдейді.
Осылайша, азаматтар бұрынғыдай жылжымайтын мүлкін сата, сыйға тарта, айырбастай немесе кепілге қоя алады. Өзгергені — тек мәмілені нотариаттық куәландыру орны. Енді ол мүлік орналасқан жерге байланысты анықталады.
Әділет министрлігінің мәліметінше, жаңа талап тек жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерге қолданылады және басқа нотариаттық әрекеттерді жасау тәртібіне әсер етпейді.
Еске салайық, бұған дейін 8 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікке қатысты мәмілелерді нотариалды куәландыру тәртібі өзгергенін жазғанбыз.
«Қазақстан тұтынушылар ұлттық лигасы» РҚБ президентінің орынбасары Василий Романовский мүлік бойынша мәміледе қандай құжаттарға назар аудару екенін айтып берген еді.