Елде психологиялық қызметке қойылатын талаптар айқындалды

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Психологиялық қызмет туралы» Заңы екінші оқылымда қаралып, қабылданды.

Фото: SHVETS production/pexels

Бұл құжат 2026 жылғы 8 сәуірде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда мақұлданды

Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мәліметіне қарағанда, заңда мына нормалар ескерілген:
- осы саладағы мемлекеттік саясаттың мақсаттарын, қағидаттары мен міндеттерін белгілеуді қоса алғанда, психологиялық қызметті кешенді құқықтық реттеуді қалыптастыру;
- құпиялылықты қамтамасыз етуді, хабардар етілген келісім алуды, кәсіптік және әдеп стандарттарын сақтауды қоса алғанда, психологтар мен психологиялық көмек алушылардың құқықтары мен міндеттерін бекіту;
- психологтардың бірыңғай мемлекеттік тізілімін енгізу, оған кәсіби қызметті жүзеге асыру үшін міндетті шарт болып саналады;
- психологтар тарапынан дәрі-дәрмекпен емдеуге тыйым салуды қоса алғанда, психологиялық көмек пен медициналық қызметтің аражігін ажырату, бұл халықаралық практикаға сәйкес келеді және психологиялық көмек көрсету кезінде азаматтардың қауіпсіздігін арттырады;
- психолог қызметінің құзыретіне, біліктілігіне және мазмұнына қойылатын талаптарды айқындайтын кәсіптік стандартты енгізу, бұл көрсетілетін қызметтер сапасының бірыңғай деңгейін қолдауға мүмкіндік береді;

- психологиялық көмек алушы үшін еріктілікті, жазбаша хабардар етілген келісімді және ақпараттың қолжетімділігін қоса алғанда, психологиялық көмек көрсету нысандарын (күндізгі, қашықтан, аралас) және оны беру шарттарын бекіту.

Сонымен қатар, жұмыс барысында депутаттар заң жобасын тиісті нормалармен толықтырды. Осы орайда психологиялық қызмет субъектілеріне қойылатын тиісті талаптарды айқындай отырып, онлайн-платформалар арқылы психологиялық көмек көрсету мәселелері реттелді. Мұнымен қоса, психологтың Әдеп кодексін сақтау бойынша талаптар енгізілді.

- Адамның санасына әсер ететін психикаға белсенді әсер ететін заттарды немесе психикаға белсенді әсер ететін әдістерді қолдануға тыйым салынды, - делінген комитет ақпаратында.