ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2026 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстандағы кәсіпорындар 111 115 автокөлік және басқа да техниканы шығарды. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі көрсеткіштен (83 378) 33,3 пайызға жоғары. Машина жасау саласының құрылымындағы автомобиль жасау өндірісінің үлесі 40,5%-ды құрады. Биыл шілдеде Қазақстанда 15 026 автокөлік пен басқа техника шыққан, бұл былтырғы шілдемен салыстырғанда 27 пайызға көп (11 827).
«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) президенті Анар Мақашеваның айтуынша, саланың дамуына биыл модельдік қатардың кеңеюі мен жаңаруы елеулі үлес қосып жатыр. Бұл өндіріс пен локализация деңгейінің әрі қарай жоғарылауына қосымша мүмкіндік береді.
Шілдеде зауыттар 13 984 жеңіл автокөлік (+31,8%), 587 жүк көлігі (-6,5%), 146 автобус (-31,1%), 37 арнайы және мамандандырылған техника, сонымен қатар 272 тіркеме және жартылай тіркеме өндірді.
Атап айтқанда, 2026 жылдың жеті айында Қазақстан кәсіпорындары 102 870 жеңіл автокөлік (+36,4%), 4 009 жүк көлігі (-2,0%), 1 612 автобус (+18,4%), 594 арнайы және мамандандырылған техника (+26,9%), 2 030 тіркеме және жартылай тіркеме (-1,1%) шығарды.
ҚАО мәліметінше, қаңтар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қостанайдағы Allur («СарыарқаАвтоПром») 41 010 автокөлік (-10,4%) шығарды. Алматыдағы Astana Motors Manufacturing Kazakhstan 29 077 автокөлік құрастырды. Hyundai Trans Kazakhstan – 22 809 автокөлік (-26,3%), ал Kia Qazaqstan 10 792 автокөлік шығарды.
Коммерциялық техника мен мамандандырылған көлік өндірушілер арасында СемАЗ – 1 774 техника, QazTehna – 1 748, Hyundai Trans Almaty – 757, КАМАЗ-Инжиниринг 694 техника құрастырды. Сонымен қатар Daewoo Bus Kazakhstan (337), Orbis Machinery (201) және «Уральскагрореммаш» АҚ (122) көлік өндірді.
- 2026 жылғы қаңтар мен шілде аралығында ең көп шығарылған автокөліктер қатарында Hyundai (22 779), Chevrolet (21 177), Kia (13 204), Changan (11 384), Chery (8 876), Haval (7 561), Jetour (5 158), JAC (3 980), Geely Galaxy (3 049) және MG (1 572) қамтылған, - деп аталып өткен ҚАО ақпаратында.
Биыл елде 190 мың автокөлік шығарылады
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, автокөлік өндірісі саласы қарқынды дамып келе жатыр.
Атап айтқанда, кейінгі 5 жылда салаға 457 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды. Былтыр 171 мыңнан астам автокөлік шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты.
- Бұл оң динамика биыл да сақталады. Осы жылдың 6 айында 94 400 көлік шығарылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 35%-ға жоғары. Биылғы жоспар — өндіріс көлемін 11%-ға арттырып, 190 мың көлік шығару. Жалпы биыл автомобиль шығару саласы 131,1%-ға өсті, — деді министр.
Ерсайын Нағаспаевтың мәлімдеуінше, отандық автомобиль өнеркәсібін одан әрі дамыту және оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында министрлік негізгі бағыттарды айқындады.
Автонесиеге сұраныс күрт артты
Қазақстанда 2026 жылдың екінші тоқсанында банктердің несие өнімдеріне, яғни ипотека мен автонесиеге сұраныс артқан. Бұл туралы Ұлттық банктің банктер арасында жүргізген сауалнамасында айтылды.
Автонесие бойынша өтініштер саны бірден 20% өсіп, 1,5 млн-ға жетті. Алайда бір өтінімнің орташа сомасы 3% төмендеп, 7 млн теңге болды. Сұраныстың өсуіне автосалондардағы жеңілдіктер, субсидияланған пайыздық мөлшерлемелері бар бағдарламалар және банктердің ресми дилерлермен ынтымақтастығын кеңейтуі әсер еткен. Автонесие бойынша мақұлдау деңгейі 3 пайыздық тармаққа өсіп, 18% болды.
Ұлттық банктің сауалнамасына қатысқан банктер 2026 жылдың үшінші тоқсанында ипотека мен автонесиеге сұраныс одан әрі өседі деп болжап отыр.