Елде шұжық бағасы қанша

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде шұжық бағасы оның түріне, жасалу әдісіне, өндірушісі мен салмағына қарай әртүрлі болып тұр. Kazinform агенттігінің тілшісі қалалардағы шұжық бағасын салыстырды.

Коллаж: Kazinform/Nano Banana

Еліміз бойынша пісірілген шұжық бағасы Астана қаласында арзан. Келісі 1 220 теңгеден басталады.

Түркістан қаласында келісі – 1 400 теңге, Таразда – 1 560 теңге, Алматыда – 1 595 теңге, ал Қарағанды мен Талдықорғанда – 1 600 теңге.

Ақтөбе, Қостанай мен Жезқазған қалаларында пісірілген шұжықтың келісі шамамен 1 865, 1 900 және 2 000 теңге. Көкшетау қаласында шұжық келісі – 2 737–4 375 теңге, ал Петропавлда — 2 362–3 400 теңге.

Ысталған және жартылай ысталған шұжық бағасы қанша?

Елімізде ысталған және жартылай ысталған шұжық бағасы Түркістан қаласында төмен. Келісі – 1 500–2 200 теңге аралығында. Талдықорғанда келісі – 2 100–6 200 теңге, Көкшетауда – 2 300–8 486 теңге, Қарағандыда – 3 000–8 000 теңге.

Жезқазған, Қостанай мен Шымкентте шұжықтың келісі 3 500 теңгеден (бұл қалаларда қымбаты 9 000, 8 400 және 6 000 теңгеге дейін жетеді) басталады. Астана қаласында келісі – 3 445–5 420 теңге, Алматыда 3 986–5 540 теңге аралығында.

Петропавл қаласында шұжық келісі 3 800 теңгеден басталып, 12 000 теңгеге дейін жетті. Орал қаласында ысталған шұжық бағасы шамамен 3 940 теңге, ал Қызылордада келісі 8 500 теңге болып тұр.

Шикілей ысталған және пісіріліп ысталған өнім

Шикілей ыстылған шұжық бағасы Қостанай қаласында 5 200–10 500 теңге болса, Шымкентте келісі – 6 000–12 000 теңге.

Пісіріліп ысталған өнім бағасы Шымкентте 4 000–7 000 теңге аралығында. Көбі шұжықты келілеп сатады. Сонымен бірге бір данасының да өз салмағы мен бағасы болады. Мәселен 500 гр шұжық бағасы 1 900 теңге, яғни келісі 3 800 теңге болып тұр. Ал 550 грамдық шұжық бағасы 2 810 теңге болса, келісі шамамен 5 109 теңгеге шығады.

Бағаны салыстыру кезінде қолдың өнімі мен дүкендегі шұжық құны да ескерілді. Қазіргі кезде өндірушілер де тікелей өздері сатылымға шығарады. Ал Алматы мен Астана қалаларындағы баға интернет-дүкендерінен алынып, шолу жасалды.

Тағы бір ескере кетерлік жайт, шұжық бағасы өңірлер арасында ғана емес, бір қаланың өзінде де әртүрлі. Оған өнімнің түрі, құрамы, өндіруші мен сату форматы, тіпті қаптамасы мен қалпы әсер етеді.

Шолу кезінде пісірілген шұжық бағасы Астана қаласында төмен екені белгілі болды. Келісі – 1 220 теңге. Ал ең жоғары баға Шымкент қаласында. Келісі – 8 500 теңге.

Ыстылған шұжықтың арзаны Түркістан қаласында сатылады. Келісі – 1 500 теңге. Ең жоғары баға 12 000 теңгеге дейін (Петропавл қаласында) жетеді.

Айта кетейік, бұл нақты тауар түрінің баға айырмасы емес. Сонымен бірге Қазақстан қалаларындағы шұжықтың орташа рейтингі деп те қарастыруға болмайды.

Фото: Kazinform

 

Бұған дейін Қазақстан қалаларындағы қырыққабатты тұздап ашыту туралы жазылды.