Елде сирек кездесетін аңдар саны қаншалықты артты

Фото: bilim-all.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Киік саны шамамен 5 млн басқа жетті. Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің отырысында депутат Әли Бектаев мәлім етті.

- Жануарлар дүниесін сақтау табиғат тепе-теңдігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі. Әрбір жануар түрі экожүйенің бір бөлшегі ретінде биологиялық әртүрлілікті сақтауға және табиғи процестердің тұрақты дамуына ықпал етеді. Жануарларлардың азаюы тек табиғатқа ғана емес, адамзаттың да өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар, жануарлар дүниесін ұтымды пайдалану елдің азық-түлік қауіпсіздігіне, экономикалық дамуына және экотуризмнің өркендеуіне мүмкіндік береді.

Қазақстанда 2005-2024 жылдар аралығында бірқатар жануардың саны айтарлықтай артты. Мысалы, тоғай бұғысы 350-ден 1 210-ға, құлан 1 112-ден 4 614-ке, арқар 8 835-тен 21 182-ге, қарақұйрық 12 500-ден 15 585-ке дейін көбейді. Киік саны да бүгінде шамамен 5 млн басқа жетті. Әлемде киік популяциясының 99%-ы Қазақстанда мекендейді, - деді Ә. Бектаев.

Оның айтуынша, бұл игілікті сақтап қалу бағытында қорықтар мен ұлттық парктер, заңсыз аңшылыққа қарсы күрес маңызды рөл атқарады. Осы бағытта биологиялық алуан түрлілікті сақтау жөніндегі халықаралық келісім бар. Осы келісім аясында «Қазақстан Республикасында биоәртүрлілікті сақтау концепциясы» әзірленіп жатыр. Сондай-ақ, ҚР Парламенті депутаттарының бастамашылығымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аңшылық саласы және жануарлар дүниесін сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді.

- Халықаралық тәжірибені ескере отырып, жануарлар дүниесін тиімді басқару үшін «Іс-қимыл жоспарын» заңнамаға енгізу мәселесін қарастыру қажет. Басқару жүйесіне тек сирек кездесетін ғана емес, біздің даламыз үшін ерекше маңызы бар қасқыр, киік сияқты жануарлар да енгізілуі тиіс. Жануарларды қалпына келтіру жобаларын іске асыруға кәсіпкерлер мен ғалымдарды тарту бойынша тиімді тетіктерді әзірлеу маңызды. Жаңа «Қызыл кітап» басылымы мемлекеттік порталмен (tabigat.gov.kz) интеграцияланып, оны азаматтардың барлығы ашық көруі тиіс. Сонымен бірге киікті басқарудың ғылыми зерттеулерге негізделген тиімді жүйесін әзірлеп, санын бірқалыпты ұстау, жайылымдарын реттеу сияқты мәселелерді шешу кезінде шаруалардың да мүдделерін ескеру қажет. Сирек кездесетін жануар түрлерінің тіршілік ету аймақтары, миграциялық жолдары және экологиялық қауіпті жерлерді бейнелейтін цифрлық мониторинг және талдау жасайтын құралдарды енгізу керек, - деді сенатор.

Бұдан бұрын хабарланғандай, шілде айының басынан Қазақстанда киіктердің санын реттеу мақсатында ату жұмыстары жүргізіліп келеді.