Мәселен, 2025 жылғы жағдай бойынша тоғай бұғысының саны 1 240, қарақұйрық — 16 122, құлан — 4 702, арқар — 17 604 болды. Елде жабайы жануарларды реинтродукциялау бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр.
2025 жылғы есепке алу деректеріне сәйкес, киіктердің барлық популяцияларының жалпы саны 3,978 млн болды. Оның ішінде Жайық популяциясы — 2 300 000, Бетпақдала популяциясы — 1 600 000, Үстірт популяциясы — 78 000.
ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі жабайы жануарларды реинтродукциялау бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.
2025 жылғы жағдай бойынша безгелдек дуадақтың саны 16 487. Оның ішінде Кендірлі-Қаясан қорық аймағында — 2 455, Оңтүстік Қазақстанда — 6 146, Арыс-Қаратау аумағында — 1 922, Жусандалыда — 1 985, Ақтау-Бозашы қорықшасында — 470 және Андасай қорықшасында — 3 491 бас мекендейді.
2017 жылы Қостанай облысының оңтүстігінде «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында құрылған жабайы тұяқты жануарларды реинтродукциялау орталығында 14 Пржевальский жылқысы (12 бие және 2 айғыр) бар. 2029 жылдың соңына дейін тағы 40 жылқы әкелу жоспарланып отыр.
Құлан популяциясын қалпына келтіру шаралары аясында «Іле-Балқаш» резерватына 42, «Алтын Дала» резерватына 24 құлан, барлығы 66 құлан көшірілді.
Сонымен қатар Қазақстанда тоғай ормандарының жойылуы, қырып-жою және қорек қорының тапшылығы салдарынан ХХ ғасырдың ортасында жойылып кеткен Тұран жолбарысын табиғатқа қайтару бағдарламасы жүзеге асырылуда. Популяцияны қалпына келтіру үшін генетикалық тұрғыдан Тұран жолбарысы түр тармағына барынша жақын Амур жолбарыстары пайдаланылуда.
Жыртқышты реинтродукциялаудың негізгі алаңы Балқаш маңының оңтүстігінде орналасқан «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты болды. Дайындық жұмыстары жүргізілген жылдар ішінде жолбарыстар үшін тұрақты қорек базасын қалыптастыру мақсатында резерватқа тұяқты жануарлар — құландар, қарақұйрықтар және қабандар әкелінді. 2026 жылғы тамызда мұнда алғаш рет Үміт есімді ұрғашы Амур жолбарысы табиғи мекендеу ортасына жіберілді.
Еске салайық, Қазақстан аумағында омыртқалы жануарлардың 835 түрі мекендейді. Оның ішінде сүтқоректілер — 178 түр, құстар — 489 түр (оның 396 түрі Қазақстанда ұялайды, қалғандары тек қыстауға ұшып келеді немесе көктемде және күзде ұшып өтеді), бауырымен жорғалаушылар — 49, қосмекенділер — 12, балықтар — 104 және дөңгелекауыздылар — 3 түр.
Ел аумағында омыртқасыз жануарлардың шамамен 100 мың түрі, оның ішінде кемінде 50 мың жәндік түрі мекендейді деп болжанады.
Сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларға омыртқалы жануарлардың 132 түрі мен түр тармағы және омыртқасыз жануарлардың 96 түрі жатады.
Аң аулау объектілеріне сүтқоректілердің 35 түрі (оның ішінде 27 терісі бағалы аң және 8 тұяқты жануар) және құстардың 59 түрі жатады.
Айта кетелік «Алтын Емелде» Қызыл кітапқа енген дала қыранының екі ұясы анықталған еді.